Бүгін елімізде Еңбек күні атап өтіледі
Қазақстанда қыркүйектің соңғы жексенбісінде Еңбек күні атап өтіледі. Бұл мереке – адал еңбек еткен қарапайым жұмысшыдан бастап, кәсіби шеберлігімен ел дамуына үлес қосқан еңбек адамдарын ұлықтайтын ерекше күн. Айтулы дата еңбектің қадірін, жұмысшы адамға деген құрметті, кез келген мамандықтың мән-маңызын дәріптейді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Еңбек күні 2013 жылы Президент Жарлығымен бекітілген. Бұл мерекені енгізудің басты мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру, еңбек адамын үлгі ету және жастарды еңбексүйгіштікке тәрбиелеу болды.
Қазақстан тарихында еңбек адамының орны қашанда жоғары болған. Кеңес дәуірінде «Еңбек ері», «Еңбек даңқы» ордендері елдің маңдайалды жұмысшыларын марапаттау үшін берілсе, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанда бұл дәстүр жалғасын тауып, еңбек майталмандарын дәріптеу – мемлекеттік саясаттың бір бөлігіне айналды. Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл еңбекқорлық пен кәсіпқойлық құндылықтарын нығайтуға септігін тигізбек.
Еңбек күніне орай жыл сайын республика көлемінде түрлі акциялар ұйымдастырылады. Өндіріс озаттары, қарапайым жұмысшылар, жас мамандар марапатталып, олардың өмір жолы жастарға үлгі етіледі.
Еңбек күні тек мереке емес, ол – еңбек адамына деген құрмет пен ұрпақ сабақтастығын дәріптейтін күн.
Еңбек күні – елдің өсіп-өркендеуінде қарапайым жұмысшының, диқандар мен құрылысшылардың, инженерлер мен кеншілердің еңбегін бағалауға арналған ерекше мереке. Қазақстандық жұмысшылардың арқасында елімізде мұнай өңдеу, металлургия, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салалар дамып отыр. Бұл күнде қоғам еңбек адамына құрмет көрсетіп қана қоймай, жастарды адал еңбектің қадірін түсінуге, табандылық пен жауапкершілікке тәрбиелейді.
Еңбек – адамның өзін-өзі табуының, отбасын асырауының, қоғамға пайдасын тигізуінің негізгі құралы. Сондықтан Еңбек күні – барша қазақстандықтарға ортақ мереке, маңдай тердің, адалдықтың, еңбекқорлықтың мерейлі күні.
Еңбек күні – қазақстандық қоғамның берік діңгегін құрайтын құндылықтарды дәріптейтін мереке. Ол бізге «еңбексіз жетістік жоқ» деген ақиқатты еске салады. Еліміздің әрбір жетістігінің артында мыңдаған еңбек адамдардың маңдай тері, қажырлы еңбегі бар. Сондықтан бұл мереке – баршамыз үшін мақтаныш пен құрмет күні.
Еске салсақ, бұған дейін Еңбек күніне арналған «Еңбек адамы – Ел мақтанышы» республикалық форумы өткен болатын. Оған Премьер-министр Олжас Бектенов қатысып, Мемлекет басшысының атынан ел экономикасының нығаюына және дамуына үлес қосқан жұмысшы мамандықтары өкілдеріне мемлекеттік наградаларды табыстады.

