Бүгін екі қалада ауа сапасы төмендейді
«Қазгидромет» мамандары 2025 жылғы 4 қарашаға арналған экологиялық жағдайға болжам жасады. Сарапшылардың мәліметінше, Атырау мен Ақтөбе қалаларында сол күні ауа сапасы нашарлауы ықтимал, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл құбылыс қолайсыз метеорологиялық жағдайлармен байланысты. Мұндай кезде атмосфераның төменгі қабатында зиянды заттар мен ластаушы бөлшектердің жиналуына әсер ететін қысқамерзімді табиғи факторлар - тынық ауа райы, әлсіз жел, тұман немесе ауа қабаттарының инверсиясы жиі байқалады.
Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайларда қала тұрғындарына денсаулықтарын қорғау үшін ұзақ уақыт сыртта болмау, әсіресе балалар мен қарт адамдардың таза ауада серуендеуін шектеу ұсынылады. Сондай-ақ, экологиялық жүктемені азайту мақсатында автокөлік қозғалысын барынша азайту жөн көріледі.
Айта кетсек, синоптиктердің соңғы мәліметі бойынша, 4 қараша күні ел аумағының басым бөлігінде қар жауып, ауа температурасы төмендейді деп күтілуде.

