nstagram.com/dos_mukasan_official

Бүгін – «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылған күні

01.08.2025 16:00

Бүгін – қазақ музыка өнерінде ерекше орын алатын «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылған күні. "Дос-Мұқасан" тобы 1967 жылы 1 тамызда алғаш рет Павлодар облысындағы Баянауыл сахнасында өнер көрсетті.

1967 жылы Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Satbayev University) қабырғасында басталған бұл шығармашылық топ – ұлттық эстрада өнеріндегі жаңашыл қозғалыстың негізін қалады.

Баянауылдан басталған жол

1967 жылдың 1 -тамызында “Дос-Мұқасан” ансамблі дүниеге келіп, тұңғыш концертін берді. Алматыдағы Қазақ политехникалық институтының төрт студенті Павлодар облысындағы Баянауыл ауылында студенттердің халықаралық құрылыс отрядында болып, өздері жөндеуден өткізген мәдениет үйінің сахнасында өз өнерін көрсетті. Топтың алғашқы мүшелері – Досым Сүлеев, Мұрат Құсайынов, Қамит Санбаев және Александр (Саня) Литвинов.

Бүгін – «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылған күні

Концерттен кейін венгрлік студенттер топтың өнеріне тәнті болып, оларды «Дос-Мұқасан» деп атап кеткен. Бұл — шетелдік достардың достық ниетпен ұсынған атауы еді. Содан бері бұл атау тұрақтап, ұжымға ресми түрде бекітілді. Дос Мұқасаның қандай мағына береді деген жігіттердің сұрағына Янош есімдердің алғашқы буындарын қостық, деп жауап береді. Дос - Досым, Мұ - Мұрат, Қа - Қамит, Сан - Саня (Александр). Сол заманда танымал болған «Лос-Парагвай» және «Лос-Анджелес» ансамбльдерінің үлгісіне сүйене отырып берген. Тіпті Янош топ атын сызықша арқылы жазуға да кеңес берген.

«Дос-Мұқасан» алғаш рет қазақтың халық әндері мен заманауи батыс музыкасын – рок, поп, фолкты бір арнаға тоғыстырды. Бұл жаңашыл бағыт қазақ тыңдарманы үшін тың серпіліс болды. Олар халық әндерін тек орындай салмай, жаңаша әрлеп, эстрада стилінде орындап шықты. Осылайша дәстүрлі музыка жаңа буынның құлағына етене жақын естіле бастады. Бұл – қазақ эстрадасының дамуындағы үлкен бетбұрыс еді.

Бүгін – «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылған күні

1970 жылы «Дос-Мұқасан» Бүкілодақтық студенттер фестивалінде лауреат атанды. Бұл олардың КСРО деңгейінде танылуына жол ашты. 1973 жылы ансамбль Қазақ радиосы жанындағы эстрадалық оркестр құрамында жұмыс істей бастады. Ал 1974 жылы ұжым мүшелеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі» атағы берілді.

Аңызға айналған әндер

Ансамбль репертуарындағы «Той жыры», «Құдаша», «Көгершін», «Алматы түні», «Сағындым сені» сынды әндер қазақ тыңдарманының жүрегінен ерекше орын алды. Бұл туындылар бірнеше буынның жастық шағының сазды естелігіне айналды.

«Дос-Мұқасан» – тек ансамбль емес, қазақ эстрадасының тұтас мектебі болды. Олардың ізін басқан ондаған өнерпаз бен топтар пайда болды. Заманауи әншілер мен продюсерлер үшін бұл ұжым – жаңашылдықтың, батыл музыкалық шешімдердің символы.

«Дос-Мұқасан» – ұлттық музыка мен заманауи өнердің тоғысында дүниеге келіп, бірнеше буынның сүйіктісіне айналған аңыз ансамбль.

Уақыт өткен сайын топ құрамы өзгеріп тұрды. Топ құрамында барлығы 19 адам болған.