Бүгін Алаштың абызы Ақселеу Сейдімбектің туған күні
Бүгін саналы ғұмырын қазақ сахарасының сызылған әні мен күмбірлеген күйін зерттеуге арнап, ұлтының жоғын түгендеген белгілі этнограф, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР мемлекеттік сыйлық иегері Ақселеу Сейдімбектің туған күні, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Марқұм көзі тірі болғанда 82 жасқа толар еді. Бірақ өзі болмағанмен сөзі, өшпес мұрасы соңында қол бұлғап қалды. «Асқар тау алыстаған сайын зорая түседі» деген тәмсіл бар.
Көркем сөздің зергері Әбіш Кекілбайұлы Ақселеу Сейдімбек дүниеден өткенде:
Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады. Сері қандай болады? Ақселеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пір қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайсаңының бәрі қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың қатепті қызыл нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бәрінің орнына бір ғана Ақселеу жүре алады. Ал Ақселеудің орнына кім жүре алады? Ешкім де емес, тек Ақселеудің өзі жүре алады, - деген еді Әбіш Кекілбайұлы.
Биыл марқұмның өмірден өткеніне де 15 жыл толды. Туған жері Жаңаарқадағы қаралы жиында сол кезде Астана қаласының әкімі болған Иманғали Тасмағамбетов Ақселеуін жоқтар күн алда деп айтқан еді.
Ақселеу Сейдімбектің қазасы тек Жаңаарқаның ғана емес, Сарыарқаның ғана емес, тұтас алаш жұртының қайғысы. Қабырғамыз қайысып тұр, адырнамыз үзіліп тұр. Қанатымыздан қайырылдық, арысымыздан айырылдық. Алаш жұрты Ақселеуін жоқтар күн алда. Еріміздің қадірі артар күн әлі алда. Енді тек соңында қалған ұрпаққа салауат берсін. Ахаңның ісін жалғау – ұрпақ парызы, – деген болатын Иманғали Тасмағанбетов.
Ақселеу Сланұлы 1942 жылы 12 желтоқсанда қазіргі Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген.
«Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде әдеби қызметкер, меншікті тілші, «Орталық Қазақстан» газетінің жауапты хатшысы, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде бөлім меңгерушісі, «Зерде» журналының бас редакторы болған.
Алтынсарин атындағы Білім проблемалары институтының директоры, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналистика факультетінде кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.
Отызға тарта көркем, ғылыми-көпшілік және монографиялық кітаптардың авторы. Гомердің «Илиада», «Одиссея» дастандарын қара сөзбен аударған. И.Можейконың «7 және 37 керемет» (1998) кітабын тәржімалаған. Шығармалары оннан астам шетел тілдеріне аударылған.
Жаңаарқадағы қабірінің басына мәрмәрдан ескерткіш қойылған. Құлпытасына «Көктегі күнге, жердегі еліме мейірімім қанбады» деген өзінің сөзі қашалып жазылған.