10 тамыз елімізде Абай күні атап өтіледі. Бұл дата қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туған күніне орай белгіленген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы – ұлы ақын, ағартушы, философ, композитор, ұлттық әдебиетіміздің негізін қалаушылардың бірі. Оның даналық сөздері мен терең ойлары ұлттың рухани қазынасына айналды.
Биыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданында дүниеге келген ұлы тұлға қазақ әдебиетінің дамуына, ұлттық сананың қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.
Абай күнінің мақсаты – Абай шығармашылығын насихаттау, оның идеяларын жастарға үлгі ету және ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Бұл мереке 2020 жылы атап өтілетін Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының қарсаңында бекітілді.
Биылғы 180 жылдық мерейтой аясында елімізде және шет елдерде түрлі ғылыми конференциялар, әдеби кештер, көрмелер, концерттер ұйымдастырылуда. Бұл шаралар ұлы ақын мұрасын насихаттап қана қоймай, оның идеяларын қазіргі заманмен үндестіруді мақсат етеді.
Біз бұған дейін Ұлы Абайдың 180 жылдығы қалай тойланатыны туралы жаздық.

