Жаңалықтар

Буаз киікті ату бизнес көзі ме? Сарапшылар жауап берді

Буаз киікті ату бизнес көзі ме? Сарапшылар жауап берді
Фото: Коллаж El.kz 26.01.2024 17:25 4126

Еліміз соңғы 25 жылда қазақ сахарасының сәні ақбөкенді қорғауға бар күшін салғанын білеміз. Қазір киік санын реттеу жұмысы жүріп жатыр. Аңшылардың буаз киіктерді атып жатқаны да туралы ақпарат тарап жатқаны жасырын емес. Бұл қоғамда табиғатқа бей-жай қарамайтын азаматтардың ызасын тудырғаны рас. Осыған байланысты El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі сарапшылардың пікірін білді.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев киік санының тым көбеюінен қарапайым шаруалар зардап шегіп жатқанын, оның алдын алу үшін киік санын реттеуге мәжбүр екенін айтады.

Министрдің айтуынша, 2025 жылы елімізді мекендейтін киік саны 4,5 миллионнан асып кетеді. Сондықтан министрлік киік санын реттеу жұмысын жалғастыруда. Қазірдің өзінде елімізде 2,5 миллион киік бар. Ал ақпан айының жиырмасынан бастап киік ату тоқтатылады.

Оқи отырыңыз: 

Тіл жанашыры жындыхана қамағынан шықты

Депутат еліміздегі балалар тағамының сапасына алаңдаулы

Донор болғандарға 923 теңге төленеді. Бұл сома жеткіліксіз – сенатор Ақмарал Әлназарова

Бұл өзі өте өсімтал жануар. Көктемде туған аналық лақтардың 40 пайызы келесі көктемде төлдейді. Биыл тағы тағы 800 мыңдай лақ қосылады. Осылай есептесеңіз қазіргі 2,5 миллион киікке 2025 жылға дейін 3 миллион 300-дей киік қосылып, жалпы саны 4 миллионнан асып кетеді, – дейді министр Ерлан Нысанбаев.

Өкіншке қарай, бүгінгі аңшылар буаз киіктерге де аяушылық танытып жатқан жоқ. 2024 жылдан бастап киікті азайтуға мемлекттік органдар ресми түрде рұқсат бергенімен, құзырлы орындар «азайту дегенді аяусыз қыру» деп түсінген сияқты. Таяуда Ұлытау облысы, Жаңарқа ауданы, Қызылжар ауылы «Охотзоопром» ӨБ» қызметкерлерінің киік санын азайту желеуімен буаз киіктерді атып жатқаны жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды.

Бұдан бөлек әлеуметтік желіде киіктердің пойыздың астына түсіп қырылып жатқаны және атылған киіктерді өртегендер туралы фото-видео тарады. Брифинг кезінде журналистер бұл оқиғаларға қатысты да сұрады.

Алайда министр «желіде киіктердің пойыздың астына түсіп және суға батып өлген туралы тараған ақпаратты талқыладық. Бірақ өртенген кадрларды көрмедім», – деп қысқа жауап қайырды.

Киік санын реттеуге қатысты мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин Бас прокурор мен экология және табиғи ресурстар министріне депутаттық сауал жолдады.

Сайғақтардың популляциясын шаруаларға зиян тидірмейтіндей, халықты әбігерге салмайтындай етіп реттеу қажет. Ақбөкендердің популляциясын шектеу шараларын орындау жаппай қыру емес. Ақбөкендер табынын санитарлық реттеу үшін ақсақ-тоқсағын, кәрі-құртаңын, ауру-сырқауын бірінші нысанаға алу керек және ең бастысы ақбөкенді буаз кезінде азайту шаралары жүзеге асырылмауы тиіс, – деді мәжіліс депутаты Ерболат Сатыбалдин.

Ақбөкендерді атуға рұқсат етілсе де, тіпті оның етін өңдеп сатылымға шығарып жатыр. Осыған байланысты пікір білдірген Ұлттық агро қозғалыс төрағасы Алмасбек Садырбай киіктің санын реттеуге қатысты оның бірнеше жолын бұған дейін де құзырлы органдарға ұсынғанын айтады.

Батыс Қазақстанның киігін бері Бетпақдалаға қарай ығыстырып, айдау керек. Бетпақдаланың бәрі бос жатыр. Одан әрі Семейдегі полигонның жеріне дейін айдауға болады. Ал бұл жерде экология және табиғи ресурстар министрлігі киікті ату арқылы бизнес көзін жасап отыр. Етін, одан қалса мүйізін кәсіп етіп алды. Мұның бәрі елдің ішіне іріткі салып жатыр. Бұған біздің басқа да ұсынысымыз бар. Оны әрине, еститін және тыңдайтын құлақ болса, – дейді Алмасбек Садырбай.

Қисық саясаттарының арқасында қазір елдің ортасында дау-дамай туындағанын атап өтті. Мәселен қазақ пен қазақ төбелесіп, ұрып-соғуға дейін жетіп жатқанын айтты. Сарапшы істеп жатқан тірліктерінің бәрі әділетсіз деп отыр.

Бүгінге дейін сол киікке саусағының ұшы тигені үшін немесе далада жатқан мүйізін әкелгені үшін қаншама қазақтың арыстай жігіттері сотталды. Істі болып, бүгінгі таңда абақтыда жатыр. Ал қазір автоматпен қырса да рұқсат. Недеген әділетсіздік? Далада қаншама киік обал болып өліп жатыр. Бұған дәл бұлай атүсті қаруға болмайды. Аталықтарын  атқанда үндемедік. Ал аналығын, оның ішінде буазын атса, халық мұны көтере алмайды. Қазір бұл мәселе өте ушығып тұр. Сондықтан істі насырға шаптырмай, экология министрлігі қайтадан дөңгелек үстелдің басына жиналып, сала мамандарымен әріқарай не жасау керегін ақылдасқаны дұрыс. Соңы жақсылыққа апармайды, – дейді ұлттық агро қозғалыс төрағасы Алмасбек Садырбай.

Сондай-ақ ол атылған киіктің етін өңдеп, адал ас ретінде тұтынса еш қарсылық болмайтынын айтады. Алайда халық киелі деп санаған киікті қынадай қырып тастағандарына наразы.  

Киіктің етін өңдеу үшін оның сою орындары қаншалықты жақсы дайындалған. Ол да маңызды. Өйткені барлығы дайындалмаған жерлерде сойылып жатыр. Одан бөлек қаншама киікке оқ тиіп, қашып арам өліп жатыр. Сол сойылмаған киіктерден де өніп жасалуы мүмкін. Сондықтан мұның бәрін ретке келтіру қажет, – деді ұлттық агро қозғалыс төрағасы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға