Жаңалықтар

ҰБТ-ға қатысуға 290 мыңнан астам өтініш келіп түсті – Гүлжан Джарасова

Биыл ҰБТ тапсыруға екі рет мүмкіндік берілді
ҰБТ-ға қатысуға 290 мыңнан астам өтініш келіп түсті – Гүлжан Джарасова
Фото: inform.kz 07.07.2022 12:55 1928

Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің өту форматында бірқатар өзгерістер болды. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Гүлжан Джарасова айтты, – деп хабарлайды El.kz.

– Елімізде 5 шілде күні Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. ҰБТ биыл да электронды форматта өткізілді. 43 тестілеу орталығында тест бір компьютер, екі камера, бір тестіленуші қағидаты бойынша жүргізілді. Биыл ҰБТ тапсыруға екі рет мүмкіндік берілді. Екі мүмкіндікте де талапкерлер бейімдік пәндер комбинациясын таңдады. Алдағы уақытта тестіленушілер өздерінің ең жақсы нәтижелерімен білім гранттарын алатын конкурсқа қатысуына мүмкіндігі бар, – деді Гүлжан Джарасова.

Жалпы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Оның ішінде 160 мыңы бірінші мүмкіндікті пайдалануға, 130 мыңы екінші мүмкіндікті пайдалануға арналған. ҰБТ қорытындысы бойынша 154 мың талапкер 2 мүмкіндікті есептегенде 276 мың рет тест тапсырғанын атап өтті.

– Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыру үшін ҰБТ-ны тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Сонымен қатар, мындай категорияға жататын талапкерлер үшін сызба және диаграммаларды қамтитын сұрақтар болған жоқ. Осындай шаралардың нәтижесінде ерекше білім беру қажеттілігі бар азаматтардың ҰБТ-ға қатысу саны артып отыр. Биыл 811 бала осы мүмкіндікті пайдаланды. Былтыр бұндай талапкерлер саны 90 бала ғана болған, – деді департамент директоры.

Жалпы тест тапсыру тіліне келетін болсақ, түлектердің 76% қазақ тілінде, 24% орыс тілінде, 213 бала ағылшын тілінде тест тапсырды. Тестілеу 5 пән бойынша жүргізілді. Жалпы сұрақтардың саны 120 болды. Тестілеудің ұзақтығы 4 сағат немесе 240 минутқа созылғандығын айтты.

– Биылғы тест тапсырмаларының барлығы жаңартылған білім бағдарламалары бойынша құрастырылды. Сонымен қатар, биылғы ҰБТ-ның базасында Қазақстан тарихы пәні бойынша жалпы тесттердің саны 15 болды. Оның 5-і контекстік сұрақтар. Сондай-ақ, Қазақстан және дүниежүзі тарихы бойынша бекітілген 100 дата бойынша ғана сұрақтар қойылды. Бұл даталарды біз былтыр желтоқсан айында бекіттік, – деді Гүлжан Джарасова.

Сондай-ақ, құқық білім беру саласы бойынша шекті балл 75 баллды құрайды. Қалған білім берудің басқа салалары бойынша өзгерістер енгізілмегенін атап өтті.

– Педагогикалық білім беру саласы бойынша шекті балл кемінде 75 балл, денсаулық сақтау білім беру саласы бойынша 70 балл, ауылшаруашылық ресурстар, ветеринария саласында кемінде 60 баллды құрайды. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін басқа бағыттарда 65 баллды, ал басқа жоғары оқу орындары үшін 50 баллды құрайды. 2022 жылғы түлектер үшін арнайы тегін онлайн сабақтар жүргізілді. Сабақтар орталықтардың ютуб арналарының тікелей эфирінде өтті. Эфир сақталды. Талапкерлер кез-келген уақытта сабақтарды қайталап көруге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, биыл алғаш рет түлектерге ҰБТ-ның болатын уақыты, күні, қандай бейімдік пәндерді таңдағаның еске салатын смс жолданды. Тестілеудің өту барасын әдеттегідей ата-аналарының бақылып отыруына мүмкіндік болды. Ережелерге сәйкес, барлық бейне жазбалар ағымдағы жылдың аяғына дейін талданып, тиім салынған заттарды пайдалану анықталған жағдайда тестіленушілердің баллдарымен қоса, егер олар грантқа іліккен болса, нәтиже толығымен жойылады, – деді Гүлжан Джарасова.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға