Жаңалықтар

Б.Сапарбаевқа берілген «Ақтөбе облысының Құрметті азаматы» төсбелгісі жұбайына табысталды

Б.Сапарбаевқа берілген «Ақтөбе облысының Құрметті азаматы» төсбелгісі жұбайына табысталды
Фото: gov.kz 14.07.2023 22:00 1448

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов  белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевқа берілген «Ақтөбе облысының Құрметті азаматы» төсбелгісі марқұмның жары Қалдығайша Сапарбаеваға  табыстады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Облыс әкімдігінде өткен жиынға Б.Сапарбаевтың туысқандары, Парламент депутаттары, облыстық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.

Басқосуда өңір басшысы Ералы Тоғжанов марқұм  Бердібек Мәшбекұлының Отан алдындағы мінсіз қызметін, облысқа сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.

«Сыр елінің сырбаз азаматы, ұлт тұлғасы Бердібек Мәшбекұлы өзінің мағыналы ғұмырында өнегелі істерімен артында өшпес із қалдырды. Бердібек Мәшбекұлының жүріп өткен өмір жолы барша елге белгілі. Ақтөбе өңіріне 2015 жылы облыс әкімі болып келгеннен бастап, өңірдің дамуына, өркендеуіне өлшеусіз еңбек етті. Абзал аға салған сансыз ғимараттар, білім, мәдени, спорт ошақтары артында халық игілігіне мұра болып қалды. Ол мықты саясаткер, мемлекетшіл,  ұлтжанды тұлға, ел еңсесін биіктеткен азамат ретінде өңір жұртшылығының есінде қалады», - деді облыс әкімі.

«Ақтөбе облысының Құрметті азаматы» төсбелгісі Бердібек Сапарбаевқа 2023 жылдың сәуірінде облыстық мәслихаттың шешімімен берілген еді.

Қалдығайша Сапарбаева көзі тірісінде марқұмның бұл марапат үшін Ақтөбе халқына алғысын білдіргенін жеткізді.  

«Ақтөбе өңірінде талай азаматтар қызмет етті. Соның бірі – Бекең еді. Оның еңбегі деп, абыройы деп ерекше құрмет көрсетіп, ықылас танытып жатырсыздар. Әрине, бұл медальді өзі келіп алуы керек еді. Ақтөбе жұртшылығы атақ бергенде ол қатты қуанған, алғысын айтқан. Амал-нешік ойламаған жерден асыл азаматтан айырылып қалдық. Сіздерге қолдау көрсеткендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін», - деді Қалдығайша Сапарбаева.

Бүгін марқұмның рухына құран бағышталып, ас берілді.

Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет», «Парасат», I дәрежелі «Барыс» және «Отан» ордендерінің иегері, еліміздегі 5 өңірді, соның ішінде Ақтөбе облысын 4 жылға жуық басқарған арда Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаев 71 жасқа қараған шағында 2023 жылдың 10 маусымында өмірден озды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға