© AP Photo / Daniel Leal

Британияның бұрынғы премьер-министрі Microsoft корпорациясына жұмысқа тұрды

2022-2024 жылдары Ұлыбританияның премьер-министрі болған Риши Сунак енді Microsoft корпорациясының аға кеңесшісі қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл туралы елдің бұрынғы үкімет мүшелерінің қызметін бақылайтын тәуелсіз мемлекеттік орган – Бизнес тағайындаулар жөніндегі консультативтік комитет хабарлады. Комитеттің міндеті – экс-шенеуніктердің отставкадан кейінгі екі жылдағы жұмысын қадағалау және олардың үкімет мәртебесіне нұқсан келтірмеуін қамтамасыз ету.

45 жастағы Сунак штаттан тыс кеңесші ретінде жұмыс істейді. Ол бұл қызметтен алатын жалақысын өз қоры – The Richmond Project қайырымдылық ұйымына аудармақ. Аталған қор балалардың математикаға деген қабілетін дамытуға бағытталған.

Сонымен қатар Сунак Claude чатботын әзірлеген америкалық технологиялық компания Anthropic-тің де кеңесшісі болды.

Бұған дейін, 2024 жылдың шілдесінде, ол Goldman Sachs америкалық инвестициялық банкінде аға кеңесші қызметіне орналасқан болатын. Сунак бұл банкте бұған дейін 2000-2004 жылдары жұмыс істеген.

Ал қаңтар айында ол Калифорниядағы Стэнфорд университетінің Гувер институтында шақырылған лектор және Оксфорд университетіндегі Леонард Блаватниктің мемлекеттік басқару мектебінің мүшесі атанды.

Еске салайық, Риши Сунак 2024 жылдың шілдесінде өткен парламент сайлауының нәтижесінде премьер-министр қызметінен айырылған. Оның жетекшілігіндегі Консервативтік партия 650 орынның тек 121-ін ғана жеңіп алып, өз тарихындағы ең нашар нәтижені көрсетті. Соған қарамастан, Сунак Солтүстік Йоркширдегі Ричмонд және Норталлертон сайлау округінен депутаттық мандатын сақтап қалды.