Британиялық әйел балалары үшін 127 келі салмақ тастаған
Ұлыбритания тұрғыны Сюзанна Эвансқа дәрігерлер артық салмағына байланысты өміріне қауіп төніп тұрғанын айтқан, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Need To Know басылымының дерегінше, әйелдің салмағы 200 келіге жеткенде, дәрігерлер оған бірнеше ай ғана өмірі қалғанын айтқан. Осы хабардан соң денсаулығын қолға алып, 127 келі салмақ тастаған.
Сюзаннаның айтуынша, артық салмақ мәселесі 2008 жылы басталған. Ол әкесінен айырылып, сол уақытта жүкті болған. Қиын кезеңде тамақ оның басты жұбанышы мен қуанышы болғанын алға тартты. Алты жыл ішінде салмағы артқаны соншалық, тіпті өздігінен қозғала алмай, арбаға тәуелді болып қалған.
2018 жылға қарай Сюзаннаның салмағы 195 келіге жетті. Мамандар оған шұғыл түрде арықтамаса, ағзасы мұндай салмаққа төтеп бермей, мүшелері істен шыға бастайтынын айтып, бар болғаны бір ай өмірі қалғанын ескерткен.
Осыдан кейін Сюзанна өзін қолға алып, балаларын анасыз қалдырмаймын деп шешеді.
Ол қанттан толықтай бас тартып, қатаң диетаға отырған және серуендеуді әдетке айналдырған. Алғашында бірнеше ғана қадам жасай алса, кейін итін серуендетіп, уақыт өте ұзақ қашықтықтарға жүре бастады.
Нәтижесінде Сюзанна 127 келіден арылып, мүлде басқа өмір салтына көшті. Қазір ол дұрыс тамақтанып, спортпен айналысады және ары қарай да салауатты өмір салтын ұстануға ниетті.

