©Pixabay.com

Британияда ең сенімді көліктердің тізімі жасалды

Жапон көліктері «сенімділік» ұғымының синониміне айналғалы қашан. Бұл тұжырым енді Ұлыбританияжа расталды. Жақында ғана жергілікті «Warrantywise» сақтандыру компаниясы 2025 жылы ел нарығындағы көліктердің саны мен орташа құнын сараптап, зерттеу жүргізген, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Зерттеу барысында сақтандыру оқиғаларының саны аз, қызмет көрсету құны төмен көліктер жоғары балл алған. Соның нәтижесінде ең сенімді деп танылған көліктердің үздік үштігі түгелдей жапон маркаларынан құралды.

Бірінші орынға Toyota Yaris ие болды – бұл хэтчбек 92,8 ұпай жинап, ең мықты әрі сенімді көлік атанды. Екінші және үшінші орындарды Suzuki Swift пен Toyota Aygo бөлісті – екеуі де 88,6 ұпай жинаған.

Төртінші орынға корейлік шағын автокөлік Kia Picanto (86,8) жайғасты. Ал бестікті танымал гибрид Toyota Prius (86,1) түйіндеді.

Алтыншы орында – Kia Ceed (85,3), ал жетінші орынды бұл тізімдегі жалғыз пикап Toyota Hilux (84) иеленді. Сегізінші орынға Honda CR-V кроссовері (83,4) шықса, тоғызыншы орынды Ford B-Max (82,8) еншіледі.

Британиялық сақтандыру агенттігінің нұсқасы бойынша, ең сенімді көліктердің алғашқы ондығын Citroen C1 қорытындылап тұр – оның көрсеткіші де 82,8 балл болды.

Бұған дейін көлік иелерінің сенімін жоғалтқан 10 кроссовер туралы жаздық. Сонымен қатар алыс сапарға шығарда нені ескеру керектігіне де көз жүгіртіңіз.