Британияда дүкеннен азық-түлік ұрлайтын зейнеткерлер көбейген
2024 жылы Ұлыбританияда дүкендерде тіркелген ұрлықтар саны рекордтық деңгейге жетіп, 516 мың жағдайды құрады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
The Guardian басылымының жазуынша, соңғы жылда Ұлыбританиядағы дүкендерде зейнеткерлер тарапынан жасалатын ұрлық саны айтарлықтай артқан. Бұл туралы елдің жүздеген сауда орнында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін Kingdom Services Group компаниясы мәлімдеді.
Компанияның қауіпсіздік қызметі директоры Джон Нуссбаумның айтуынша, егде жастағы адамдар ұсақ ұрлықпен жиі ұсталатын болған.
Біз кей адамдардың бір банка кофені сөмкесіне, ал екіншісін арбасына салып жатқанын көреміз. Бұл адамдар – тамақ сатып алуға мүмкіндігі жоқ жандар, – дейді ол.
Оның айтуынша, ұрлық жасағандардың шамамен 5 пайызы – 50 жастан асқан азаматтар.
Бұлар біз әдетте көріп жүрген қылмыстық топтар емес. Бұл – күн көру үшін барын салып жүрген қарапайым адамдар, – деп қосты ол.
Британ полициясының мәліметінше, 2024 жылы дүкендерде тіркелген ұрлықтар саны былтырғыдан 20% артып, 516 мыңға жеткен. Ал Британиялық бөлшек сауда консорциумының (BRC) өкілі Грэм Винннің айтуынша, шынайы жағдай бұдан да күрделі болуы мүмкін, өйткені дүкендердің көпшілігі мұндай оқиғалар туралы хабарлай бермейді.
Ұйымдасқан ұрлықтар әлі де күрделі мәселе болып отыр. Бірақ қазір оларға өмір сүруге мүмкіндігі жетпейтін адамдар қосылды. Ұрлықтан келген шығын жылына 2,2 миллиард фунттан асты, – деді Винн.

