Ұлыбритания премьер-министрі, Лейбористік партияның көшбасшысы Кир Стармер елде шамамен 300 мың үйі бар 12 жаңа қала салу жоспарын жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
The Daily Mail басылымының мәліметінше, алғашқы үш қаланың құрылысы келесі сайлауға дейін Бедфордшир графтығында, Лидсте және Лондонның солтүстік маңында басталуы тиіс. Билік бұл аумақтарды ең перспективалы өңірлер деп санайды. Алайда жергілікті тұрғындар әзірге бұл жоспардан бейхабар.
Стармердің айтуынша, жаңа қалалар салу әсіресе 40 жасқа дейінгі британиялықтар үшін өзекті, өйткені олардың басым бөлігі әлі күнге дейін жеке баспаналы бола алмай жүр.
Лейбористер өздерінің манифесінде парламент өкілеттігі мерзімінде 1,5 млн жаңа үй салуды уәде етті. Бұл британиялықтарға баспана иесі болуға мүмкіндік береді, – деп жазады басылым.
Бұған дейін Ұлыбритания үкіметі заңсыз мигранттарды орналастыру үшін бұрынғы әскери базаларды пайдалану туралы шешім қабылдаған. Осылайша билік оларды қонақ үйлерде ұстауға кететін шығындарды қысқартуды көздеп отыр. Босқындарға арналған тұрғын үй шығыстары жергілікті халықтың наразылығын тудырған еді. Енді мигранттар Лондон маңындағы Эссекс пен Кент графтықтарына орналастырылатын болады.

