коллаж El.kz

Брест қамалы жайлы не білеміз?

09.05.2025 12:15

Брест қамалы — ХХ ғасырдың ең қанды соғыстарының бірінде ерліктің, төзімділік пен отансүйгіштіктің символына айналған тарихи орын. Кеңес Одағының батыс шекарасында орналасқан бұл қамал 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германияның тұтқиыл шабуылына бірінші болып қарсы тұрды. Қан төгіспен көмкерілген осы шайқаста әртүрлі ұлт өкілі, соның ішінде мыңға жуық қазақстандық жауынгер жанқиярлық танытып, мәңгілік ерлік дастанын жазды. Бүгінде Брест қамалы — батырлықтың баянды ескерткіші ғана емес, тарих сабақтары мен елдік рухтың көрінісі. Осы бір тағдырлы мекеннің өткеніне үңілген El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі оның бүгінгі келбетіне тоқталып өтті.

Қамалды қорғаушылар саны аз болса да, олар соңғы демі қалғанша шайқасып, жауды тоқтатуға бар күшін салды. Қанды шайқас бірнеше айға созылып, сол ауыр күндері әртүрлі ұлт өкілдері ерлік пен жанкештіктің үлгісін көрсетті. Қамалды қорғағандар қатарында қазақстандықтар да болды.

Солардың ішінде Семей облысынан 88, ал Шығыс Қазақстаннан 10 жауынгер Брестке 1940 жылы 44-атқыштар полкінің құрамында эшелонмен аттанған. 22 маусымда қамалда болған 7 мың адамның мыңға жуығы, яғни әрбір жетінші адам — қазақстандық болғаны анықталды.

Майдангер жазушы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Сергей Смирнов өзінің «Брест қамалы» атты еңбегінде қазақ жауынгерлерінің ерлігін сипаттап жазған-тын. Сондай-ақ, Серік Әбдірайымов пен Мадрид Рысбековтің мақалаларында, тарихшы-ғалымдар Ғаббас Жұматов пен Ләйла Ахметованың зерттеулерінде, майдангерлердің естеліктерінде Әбдіразақ Мәмиевтің ерлігі мен майдандағы ауыр тағдыры туралы кеңінен баяндалады.

Айта кету керек, бүгінде «Батыр қала – Брест қамалы» музейінде 125-атқыштар полкінде соғысқан 117 қазақстандық сарбаздың есімі жазылған.

Брест-Литовск (қазіргі Брест) қаласында қамал салу идеясы Речь Посполитая — Польша-Литва мемлекетінің құлдырауы мен бөліну тарихымен тығыз байланысты. XVII ғасырда Еуропада ықпалын арттыруды мақсат еткен бұл ірі державаға Ресей мен Швеция қарсы тұрды. XVIII ғасырда үш мемлекеттің арасында Солтүстік соғыс басталды. Ол Речь Посполитаяның тағдырын шешті. 1706 жылы Брест-Литовск шведтер тарапынан басып алынып, тоналды, ал XVIII ғасырдың соңында жеңілген елдің жерлері бөлініп, бұл аймақ Ресей империясына қосылды.

Брест шекаралық қалаға айналды және оны қорғау үшін қамал салу қажет болды. Қамал салу жобасын 1830 жылы І Николай патша бекітіп, құрылыс 1833 жылы басталып, 1842 жылы аяқталды. XIX ғасырдың соңына қарай төрт арал бекінісі мен бірнеше форттан басқа, шамамен 70 қорғаныс құрылысы салынды. Десе де, бұл қамал Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде неміс армиясының шабуылына төтеп бере алмады. 1915 жылдың жазында мұнда жау армиясының командалық пункті орналастырылды. Алайда Брест-Литовск Бірінші дүниежүзілік соғыс тарихында басқа оқиғамен танылды: 1918 жылы дәл осы жерде Ресей мен Германия арасында соғыс қимылдарын тоқтату туралы келісімге қол қойылды.

1921 жылдан 1939 жылға дейін Брест алдымен Польшаның қарамағына өтті, кейін Қызыл Армия оны қайтарып алып, Кеңес Одағына қосты.

1941 жылдың 22 маусымына қараған түні Германияның гитлерлік әскері КСРО-ға шабуыл жасап, бірінші қарсылық дәл осы жер — Брест қамалында кездесті. Таңсәріде қамал артиллериямен атқыланып, сон соң шабуыл басталды. Күтпеген соққы үлкен шығынға әкелгенімен, гарнизон жауға қарсы тұрды. Тек алғашқы күні қамал сегіз рет шабуылға ұшырап, сәтсіз аяқталды.

Қамалды қорғау қанша күнге созылғаны және оған қанша жауынгер қатысқаны нақты белгісіз. Дегенмен, кем дегенде бір айға созылған шайқасқа 3500-ге жуық кеңес сарбазы қатысқаны айтылады. Қамал ақыры жау қолына түсті. Соңғы қорғаушылардың кейбірі 1941 жылдың шілде айының соңында тұтқынға алынған еді.

Брест қаласы 1944 жылы 24 шілдеде азат етілді. Қаланы азат еткен кеңес әскерлері қамалдың қирандыларын тапты. Келесі жылдары бұл құрылыс қалпына келтіріліп, ал қорғаушыларының ерлігі халық арасында аңызға айналды. 1965 жылы қамалға «Батыр қамал» атағы беріліп, келесі жылы Брест қамалын қорғау мұражайы ашылды.

Брест қамалының көрнекті орындары

Бүгінде бұл аумақ үлкен мемориалдық кешен «Брест батыр қамалына» айналды. Кешен құрамына кіретін негізгі нысандар:

- Басты кіреберістегі бетон тақта, оның ішінде ойылған бес жұлдыз — Қызыл Армияның символы;

- «Шөл» ескерткіші жерде еңбектеп жатқан жауынгерді бейнелейді. Қамал қоршауда болған кезде тамақ пен су жетіспеген ауыр күндерді еске салады;

- 100 метрлік найза тәрізді ескерткіш, кешеннің кез келген нүктесінен көрінеді;

- «Ерлік» монументі алып тастан жасалған, оның бір жағында жауынгердің кеудесі бейнеленсе, екінші жағында қамал қорғанысының көріністері суреттелген барельефтер бар. Монумент пен ескерткіш арасында жауынгерлердің үш қатар бейіті орналасқан;

- Мәңгілік алау соғыс басталған кезде инженерлік басқарма орналасқан ғимараттың қирандылары алдында жанып тұрды. Ол 1971 жылдың 25 қыркүйегінде мемориал кешені ашылған күні жағылды.

Брест қамалын қорғау музейі

Қамалды қорғауға байланысты жәдігерлер жиналған алғашқы музей 1954 жылы әскери қызметшілердің бастамасымен ашылды. Ол кезде бұл қамал ғимаратының екінші қабатында орналасқан шағын бөлме еді. Экспонаттар аз болғанымен, «Жауынгерлік даңқ бөлмесі» біртіндеп толықты. 1956 жылы тұрақты көрмеге арналған мұражай ашылды.

Бүгінде Брест қамалын қорғау музейі 1270 м² аумақта орналасқан 10 залдан тұрады және 4000-нан астам экспонатты қамтиды. Мұражай экспозициясы қамалдың негізі қаланған күннен бастап Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске дейінгі бүкіл тарихты баяндайды. Ең қызықты экспонаттар қатарында:

- 1941 жылғы 22 маусым таңында сынған бұранды сағат, оның тілі шабуыл басталардан бірнеше минут бұрын тоқтап қалған;

- 393-ші жеке зениттік артиллериялық дивизионның жалауы, оны жауынгерлер ұрыс кезінде жасырып кеткен;

- Қамал қабырғаларының фрагменттері, онда қорғаушылар өз хабарламаларын ойып жазған.

Брест қамалы — тарихтың тағылымды парақтарының бірі, ерлік пен отансүйгіштіктің өшпес символы. Қанды шайқастың куәсі болған бұл қамал бүгінде келер ұрпаққа бейбіт өмірдің бағасын ұғындыратын қасиетті орынға айналды. Әсіресе, қамалды қорғауда қазақстандық жауынгерлердің қосқан үлесі ел тарихындағы патриотизмнің жарқын көрінісі болып қала береді. Батырлардың есімімен ұрпақ тәрбиелеу, өткенді ұмытпай, бейбіт болашақ құру — әрбір азаматтың парызы. Брест қамалы — тек естелік емес, рухты шыңдайтын, елдік пен бірлікті насихаттайтын тарихи мұра.