Статистикаға сүйенсек, адамдардың шамамен 56 пайызы тістеу кезінде түрлі мәселесіне тап болады. Алайда бұл тек эстетикалық кемшілік емес. Тістің қисық орналасуы ауыз қуысының күтімін қиындатып, эмальдің зақымдану қаупін арттырады, кариеске, қызыл иек ауруларына, тіпті тістердің ерте түсуіне әкелуі мүмкін, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Сонымен қатар бұл тамақтану, сөйлеу және жалпы өмір сапасына тікелей әсер етеді. Адамның асты қалай шайнайтыны, сөзді қаншалықты анық айтатыны – барлығы тістердің дұрыс түйісуіне байланысты. Бұл туралы Cleveland Clinic зерттеуінде көрсетілген.
Дұрыс тістем қандай болуы керек?
Мамандар тістеудің қалыпты екенін анықтайтын бірнеше негізгі белгіні атап көрсетеді:
Жақ жабылған кезде тістердің басым бөлігі бір-бірімен «мозаика» секілді түйісуі керек (кейбір анатомиялық ерекшеліктер ескеріледі).
Беттің орталық сызығы алдыңғы екі күрек тістің арасынан өтеді.
Тістердің арасында айқын саңылаулар болмайды.
Жоғарғы тіс қатары жартылай эллипс пішіндес, ал төменгісі параболаға ұқсас келеді.
Тістеу кезіндегі ақау түрлері
Тістеудің аномалиялары көп болғанымен, ең жиі кездесетіндері мыналар:
Овербайт – үстіңгі тістердің төменгі қатарды шамадан тыс жауып тұруы;
Оверджет – үстіңгі тістердің алға қатты шығып тұруы;
Спейсинг – тістер арасындағы айқын саңылаулар;
Сирек жағдайда кроссбайт (шахмат тәрізді түйісу) және прогнатизм (төменгі жақтың алға шығып тұруы) кездеседі.
Тістер тым тығыз орналасқан кезде олар бұрылып немесе өз орнынан ауытқып өсуі мүмкін. Мұндай жағдай дистопия деп аталады.
Дұрыс емес тістем неден пайда болады?
Тістем ақауы әртүрлі себептердің салдарынан қалыптасады. Олардың қатарында:
- тұқым қуалаушылық;
- туа біткен ақаулар (қоянжырық, таңдайдың жарылуы);
- балалық шақтағы зиянды әдеттер (саусақ сору, бөтелкені ұзақ қолдану);
- D дәруменінің жетіспеушілігі;
- қатты тағамның аз болуы немесе қосымша асты тым ерте енгізу;
- сүт тістерінің тым тығыз орналасуы;
- жақ немесе ауыз қуысының жарақаттары мен ісіктері;
- тістердің ерте түсуі немесе мүлде болмауы;
- артық немесе жарып шықпаған тістер;
- дұрыс таңдалмаған ортодонтиялық құрылғылар.
Тістерді қалай түзейді?
Ең кең тараған әдіс – брекет жүйелері. Бұл әр тістің бетіне бекітілетін арнайы құлыптар мен оларды жалғайтын икемді доғадан тұрады. Брекеттердің түрі көп: классикалық металл нұсқалардан бастап, эстетикалық керамикалық жүйелерге дейін.
12 жасқа дейінгі балаларға көбіне алмалы-салмалы ортодонтиялық пластинкалар ұсынылады. Себебі бұл кезеңде тіс-жақ жүйесі әлі қалыптасу үстінде болып, түзету үдерісі әлдеқайда тиімді жүреді.
Брекеттердің түрлері
Брекет жүйелері ортодонтиялық доғаның бекітілуіне қарай бөлінеді. Дәстүрлі жүйеде доға арнайы сым немесе резеңке арқылы ұстатылады. Ал өздігінен бекітілетін брекеттерде доға арнайы құлыпша арқылы бекітіліп, науқасқа қолайлырақ болады.
Орналасуына қарай ең жиі қолданылатыны – вестибулярлық брекеттер, яғни тістің алдыңғы бетіне орнатылатын жүйелер. Ал лингвальді брекеттер тіл жақ бетіне қойылады және көзге көрінбейді, бірақ оларға үйрену қиынырақ, сөйлеуге әсер етуі мүмкін.
Бағасы жағынан ең қолжетімдісі – металл брекеттер. Олар берік, күрделі жағдайларда да тиімді, алайда сырт көзге анық көрінеді.
Пластик брекеттер эстетикалық жағынан ұтымды болғанымен, тез сынғыш келеді.
Керамикалық жүйелер табиғи тіс түсіне жақын, ұзақ қызмет етеді, бірақ бағасы қымбаттау.
Ал ең қымбаты – сапфир брекеттері. Олар мөлдір, ауыз қуысына тітіркендіргіш әсері жоқ, алайда өте нәзік әрі барлық жағдайда тиімді емес.
Емдеу қанша уақытқа созылады?
Емдеу ұзақтығы жасқа, ақаудың күрделілігіне және таңдалған әдіске байланысты. Балаларда тістер тезірек қозғалады, ал ересектерде орта есеппен 18-24 ай уақыт кетеді. Бұл кезеңде ай сайын дәрігерге қаралу қажет.
Брекет алынғаннан кейін міндетті түрде ретейнерлер қолданылады – олар тістердің бұрынғы қалпына қайта оралуына жол бермейді.
Брекет тағатындар үшін тіс күтімінің ерекшелігі
Брекет таққан адам әр тамақтан кейін тісін тазалауы керек. Ол үшін:
- V-тәрізді ортодонтиялық щетка;
- бір шоқты щетка;
- ирригатор;
- фторы көп тіс пастасы мен жіп;
- фторлы шаю құралдары қажет.
Тәтті тағамдар мен газдалған сусындарды шектеген жөн. Алғашқы апталарда ауыз қуысының шырышты қабығы тітіркеніп, жара пайда болуы мүмкін – бұл қалыпты жағдай.
Кімдерге брекет тағуға болмайды?
Емдеу шайнау тістерінің көбі жоқ, қызыл иек аурулары асқынған, сүйек тіні жұқарған, импланттары бар немесе ауыр созылмалы аурулары бар адамдарға ұсынылмайды. Әр жағдайды дәрігер жеке бағалайды.
Ортодонтиялық ем – тек әдемі күлкіге апарар жол емес, ауыз қуысының денсаулығын сақтаудың маңызды тетігі. Тістемді түзету кариес, қызыл иек аурулары, сөйлеу мен шайнау проблемаларының алдын алып, эмальдің қалыптан тыс тозуын болдырмайды.

