Бразилияда көлік парад көруге келген адамдарды қағып кетті
Бразилияның Бруски қаласындағы әскери парад барысында джип көрермендер отырған жерге кіріп кетіп, салдарынан төрт адам жарақат алды. Бұл туралы Último Segundo-ға сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Оқиға салдарынан 75 жастағы қала тұрғынының тобығы сынған және омыртқасынан жарақат алған. Ол ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ қолында баласы бар 37 жастағы әйел жеңіл жарақат алып, медициналық мекемеге түсті. Дәрігерлер баланың жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр.
Сонымен қатар 14 жастағы жасөспірім қыз қолының ауырғанына шағымданып, дәрігерге жүгінген, алайда оны ауруханаға жатқызу қажет болмады.
Жергілікті билік зардап шеккендерге қажетті көмектің көрсетілгенін және қызметтік тексеру басталғанын растады. Сондай-ақ аталған көліктің әскери бөлімдерге де, муниципалдық құрылымдарға да қатысы жоқ екені, оның жеке автоклубқа тиесілі болғаны анықталды.

