Жаңалықтар

Бразилияда балабақшаға жасалған шабуылдан төрт бүлдіршін көз жұмды

Бразилияда балабақшаға жасалған шабуылдан төрт бүлдіршін көз жұмды
Фото: BBC 06.04.2023 10:19 948

Бразилияның оңтүстігіндегі Блуменау қаласында балтамен қаруланған қаскөй балабақшаға кіріп, кем дегенде төрт баланы мерт қылды, тағы төртеуі жараланды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.

Шабуыл кезінде балабақшада 40-қа жуық бүлдіршін болған. Жаралылар жеткізілген жергілікті аурухананың мәліметінше, олардың барлығы үш жасқа толмаған.
Полицейлердің таратқан дерекке қарағанда, қылмыскер балабақшаның қоршауынан секіріп өтіп, қаруымен кездескеніне соққы бере бастаған. Кейін полиция бөлімшесіне өзі барып, қамауға алынды.
Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва бұл қылмысты жантүршігерлік оқиға деп атады.


«Отбасы үшін балаларынан немесе немерелерінен айырылудан артық ауыртпалық жоқ, әсіресе осы бейкүнә және қорғансыз балаларға зорлық-зомбылық жасау әрекеті жанымызға қатты батты. Мен осы трагедия құрбандарының отбасымен біргемін, солар үшін дұға жасаймын», - деп жазды ол Twitter-де.


Блюменау қаласы орналасқан Санта-Катарина штатының губернаторы Жоржиньо Мелу орын алған сұмдық қырғынға байланысты үш күндік қаралы күн жариялады. Штаттағы мектептер ертеңге дейін барлық сабақтарды тоқтатты.
Соңғы жылдары Бразилиядағы мектептерде зорлық-зомбылық жағдайлары жиі тіркеліп жатыр. Өткен аптада Сан-Паулуда 13 жастағы оқушы мектепте мұғалімді пышақтап өлтірген.Өткен қарашада 16 жастағы қарулы азамат Аракрустың оңтүстік-шығысындағы Эспирито-Санто қаласындағы екі мектепке шабуыл жасап, төрте адамды атып өлтіріп, 10-нан астамын жаралаған болатын. 2019 жылы бұрынғы екі студент Сан-Паулу маңындағы мектепте сегіз адамды атып өлтірді, содан кейін өздеріне қол салды.
Ең ауқымды қырғын 2011 жылы болды, ол кезде Рио-де-Жанейро маңындағы бұрынғы бастауыш мектеп оқушысы 12 баланы атып өлтіріп, содан кейін ол да өз-өзіне қол жұмсады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға