Жаңалықтар

Бразилияда Абай бюстіне гүл шоқтары қойылды

Бразилияда Абай бюстіне гүл шоқтары қойылды
Фото: ҚР ҰОК 11.08.2024 03:13 353

Қазақстанның Бразилиядағы елшісі Болат Нүсіпов Леблон ауданының қалалық саябағында орналасқан Абай бюстіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР СІМ мәліметінше, іс-шараны «Бразилия-Қазақстан» достық форумы ұйымдастырып, қазақтың ұлы ақыны және философы Абай Құнанбайұлының 179 жылдығын мерекелеуге орайластырды.

Кездесуге достық қоғамының мүшелері, сондай-ақ Рио-де-Жанейро қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты. «Бразилия-Қазақстан» достық форумының атқарушы директоры, профессор Эдельсио Америко қонақтарға португал тілінде Абайдың «Қара сөздер» өлеңдер жинағынан кейбір үзінділер оқыды, - делінген мәліметте.

Абайдың бюсті Рио-де Жанейроның орталық ауданында 2023 жылы «Бразилия Қазақстан» достық қоғамы мен қала әкімдігінің қолдауымен тұрғызылды. Әзірге бұл Оңтүстік және Солтүстік Америка елдеріндегі жалғыз Абай ескерткіші. Флюминенсе университетінің профессоры Эдельсио Америко - Абайдың «Қара сөздер» шығармалар жинағының португал тіліне аудармасының авторы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға