Жаңалықтар

Браконьерлер 5 тонна шаян аулап, 31 млн теңге шығын келтірген

Браконьерлер 5 тонна шаян аулап, 31 млн теңге шығын келтірген
Фото: © Polisia.kz 08.11.2023 11:27 904

Биыл ШҚО-да браконьерлер 5 тоннаға жуық шаян аулап, табиғатқа 31 млн теңге шығын келтірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шығыс Қазақстан облысы полицейлерінің құрығына соңғы болып облыстың 44 және 41 жастағы тұрғындары іліккен. Тәртіп бұзушылардың бірін тәртіп сақшылары Өскемен – Самара тасжолында рейдтік іс-шаралар өткізу барысында анықтаған. 41 жастағы Өскемен қаласының тұрғыны өз газелімен жалпы салмағы 1800 келі болатын 100 қорап тірі шаянды тиісті құжаттарсыз тасымалдаған. Табиғатқа келтірілген шығын сомасы шамамен 11 млн теңгені құраған. Күдікті оларды Күршім ауданынан белгісіз адамдардан сатып алып, кейін Өскемен қаласында сатуды жоспарлағаны анықталды.

Қазіргі уақытта ер адамға қатысты ҚР ҚК-нің 335-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Екінші құқық бұзушыны тәртіп сақшылары Күршім – Үлкен Нарын тасжолында ұстады. 44 жастағы Ұлан ауданының тұрғынының көлігінде 92 қапқа салынған жалпы салмағы бір тоннадан асатын тірі шаян табылған. Күршім ауданының инспекциясы залал сомасы 7,7 млн теңгеден асатынын айтты.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы 1-бөлігі (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз өндіру) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері шаяндарды заңсыз өндіру мен тасымалдаудың 5 фактісі тіркелді. 11 айда браконьерлер 5 тоннаға жуық шаян аулап, 31 млн теңгеден астам шығын келтірген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға