БҚО-да «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық сынып-сағаты өтті
Мөлдір Қайнар тілші
Батыс Қазақстан облысында қоршаған ортаны жаңғыртуға және аумақтарды абаттандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Бүгін Д.Елеусінов атындағы оқушылар сарайында мектеп оқушыларының қатысуымен экологиялық сынып-сағаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы еліміздің барлық өңірлерінде жалғасып, жалпыұлттық эко-челленджге айналды. Бұл бағыттағы іс-шараларға еріктілер мен белсенді студенттер ғана емес, сонымен қатар әртүрлі мекемелердің қызметкерлері де қатысып келеді. Экологиялық сынып-сағатымыздың мақсаты – салауатты экологиялық сананы қалыптастыру, қоршаған ортаны сақтау қажеттілігін өскелең ұрпаққа жеткізу, еліміздің тазалығына бірлесіп ат салысу», - деп Фариза Сұлташева, БҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының өкілі атап өтті.
Бүгінгі таңда санитарлық жұмыстарға 148 мыңнан астам тұрғын және 4 мың мекеме мен кәсіпорын қатысты. Акция аясында 76 мыңнан астам аула, оның ішінде 2508 көпқабатты үйдің аумағы және 74 мыңнан астам жеке тұрғын үйдің аумағы жиналды.
Сондай-ақ, 231 саябақ пен скверді абаттандыру жұмыстары жүргізілді, 63 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылды, 6 мыңнан астам тротуар плиталары жөнделді. 1221 әлеуметтік нысанның аумағы мен 1251 тарихи-мәдени ескерткіштің аумағы тазартылды.
Экологиялық іс-шараларды өткізу үшін 1810 бірлік техника жұмылдырылды, соның арқасында 61 750 тонна қоқыс шығарылды. Бұдан басқа, "Ғарыш сапары" АҚ анықтаған 192 заңсыз қоқыс үйінділерінің 158-і жойылып, қалған 34 қоқыс үйіндісін жою жұмыстары жалғасуда.

