Жаңалықтар

БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен екі аудан тұрғындары жаңа баспанаға ие болды

БҚО-да су тасқынынан зардап шеккен екі аудан тұрғындары жаңа баспанаға ие болды
Фото: БҚО әкімдігі 02.08.2024 19:38 566

Батыс Қазақстан облысы Сырым және Бәйтерек аудандарының тұрғындарына жаңа баспана берілді. Су тасқынынан баспанасы жарамсыз деп танылған жандарға пәтер сатып алынған және жаңадан 775 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Кеше аймақ басшысы Нариман Төреғалиев Бөрлі ауданында жаңадан бой көтерген алғашқы 60 үйдің үйдің кілтін тұрғындарға табыс еткен болатын. Ал бүгін Сырым ауданында 14 үй және Бәйтерек ауданында 6 пәтер жоспарлы мерзім ішінде салынып, су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға берілді.

Баспана кілттерін табыстау рәсіміне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов қатысып, қоныс иелерін құттықтады.

Су тасқынынан зардап шеккендерге заң аясында жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бүгінде тұрғындарға 100 АЕК біржолғы әлеуметтік көмек және дүние-мүліктері үшін 150 АЕК төлемдері толығымен өтелді.  Сонымен қатар су тасқыны зардабын тигізген үйлердің 90 пайызынан астамына тұрғын үйін жөндеуге және қалпына келтіруге өтемақы берілді. Ендігі кезекте, құрылыс жұмыстары аяқталған баспаналардың алғашқы легі халық игілігіне пайдалануға берілуде. Тамыздың алғашқы екі күнінде 80 үйдің құрылысы аяқталып, тұрғындарға табыс етілді, - деді облыс әкімінің орынбасары.

Әкімдіктің мәліметінше, жаңа пәтерлер «Nostrum Oil and Gas» компаниясы мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеушілігімен салынған.

Бәйтерек ауданының тұрғыны Жұмажан Жұрұмбаевтың көктемгі су тасқыны кезінде жалғыз баспанасы суға кеткен. Араға 4 ай уақыт салып, жаңа баспанасына қол жеткізгеніне қуанышты.

Мемлекеттің қолдауының арқасында барлық қиындықтар артта қалды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлына алғысымызды білдіреміз. Далада қалмадық. Алдағы уақытта тек жақсылықтар бола берсін, - деді тұрғын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға