Жаңалықтар

Бозымбаев мемлекет басшысының қабылдауында болды

Бозымбаев мемлекет басшысының қабылдауында болды
Фото: akorda.kz 04.12.2024 20:09 198

Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевты қабылдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Ақордаға сілтеме жасап. 

Қабылдауда Қанат Бозымбаев энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ұлттық жобаның әзірлену барысы жөнінде ақпарат берді. Оның ішінде:

     – алдағы бес жылға арналған жоба аясында энергетикалық және коммуналдық сектордың қолданыстағы инфрақұрылымын жаңарту, 6 мың мегаваттан аса электр қуаты генерациясын іске қосу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізу қарастырылған;
      – жобаның жалпы құны 10 триллион теңгеден асады. Қажетті қаражат нарықтан займ негізінде, сондай-ақ ішінара республикалық бюджеттен тартылады;
      – кешенді жаңғырту жұмыстары энергетикалық нысандар мен коммуналдық сектордың тозуын біршама төмендетіп, халықтың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету жүйелерін жетілдіреді;
өңірлік саясатты іске асырудың жаңа тәсілдері туралы мәлімет берді:
      – бұл шара облыстар арасындағы әлеуметтік, өндірістік және коммуналдық инфрақұрылымды қамтамасыз ету барысындағы алшақтықты жоюға бағытталған;
      – Президенттің тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруды жүйелі үйлестіру үшін Үкімет жанынан Өңірлік саясат жобалық кеңсесі құрылады;

Маңғыстау облысында авиациялық хабты дамыту жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру перспективасын баяндады. Аталған жоба өңірдің экономикалық өсіміне тың серпін беріп, халықаралық көлік-логистика тізбегінің маңызды бөлігіне айналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қанат Бозымбаевқа Энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ұлттық жобаны мұқият дайындап, жыл соңына дейін бекітуді тапсырды. Сонымен қатар Өңірлік саясат тұжырымдамасын белсенді іске асыру міндетін жүктеді, - деп жазылған Ақорда таратқан ақпаратта. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға