Жаңалықтар

Ботоксты неше жастан жасатқан дұрыс? Косметолог кеңесі

Ботоксты неше жастан жасатқан дұрыс?  Косметолог кеңесі
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 03.08.2023 11:30 2379

Қазіргі таңда әйелдер арасында сұранысы артып келе жатқан процедуралардың бірі – ботокс. Ол беттегі әжімді кетіріп, жас көрінуге көмектеседі. Болмысынан әдемілікке құштар әйелдер мұндай процедурадан қалай бастартсын?! Бірақ оның адам денсаулығына зияны бар ма? Құрамында не бар? Осы жайлы астаналық косметолог Мадина Кемелхановамен жолығып, ботокс жайлы толығырақ білуге тырыстық.

Ботокс деген не? Оның қандай пайдасы бар?

Ботулотоксинді маңдай, қас, көз айналасындағы, беттегі әжімдерді кетіру үшін қолдануға болады. Ботоксты алдымен бұлшықеттерге енгізеді, кейін соның арқасында беттегі бұлшықеттер босаңсиды. Содан тері тегістеліп, әжім кетеді. Сөйтіп, қыз-келіншектер жас әрі сұлу көрінеді.

Маған ботокс процедурасын жасатуға көбіне 40 жастан асқан әйелдер келеді. Олар жасының ұлғаюына байланысты әжімдерден арылу үшін косметологтардың көмегіне жүгінеді, – дейді Мадина Кемелханова.

Ботокс процедурасын неше жастан бастап жасатуға болады?

Негізінен бұл процедураны 18 жастан асқан адамдар жасатады.

Егер жасөспірім ботокс процедурасын жасатқысы келетін болса, оған міндетті түрде ата-анасының рұқсаты қажет. Өз басым ботоксқа тек 35 жастан кейін жүгінуге кеңес берер едім. Себебі оған дейін шыққан әжімдерді бетке күтім мен массаж жасау арқылы да кетіруге болады, – деді маман.

Косметолог маман ботоксты өзгелерге жасағанымен, өзі бұл процедураны аса қолдай бермейтінін айтады.

Бетім табиғи әрі таза. Әзірге мен өзіме ешқандай ботокс жасатқым келмейді. Одан гөрі бетіме күнделікті күтім жасап отырғанды жөн көремін. Сонда болашақта бетіме әжім де кеш пайда болады. Ботокс жасатуды 40 жасқа тақағанда қарастырмасам, оның дәл қазір маған қажеттілігі жоқ, – дейді Мадина Кемелханова.

Процедураның зиянды жақтары

Ботокстың құрамында ботулиндік нейротоксин деген у бар екенін бірі білсе, бірі біле бермес. Ол препарат ашылмаған күйінде мұздатқышта, ашылғаны тоңазытқышта сақталуы тиіс.

Ботокс препараты жылы жерде тұрып қалса, оны қайтадан мұздатқышқа салғаннан пайда жоқ. Ол үнемі суық болып тұруы қажет. Егерде жылып кеткен препаратты бетке салар болсақ, емделушінің бетін мүлдемге құртып жіберуіміз мүмкін, – дейді косметолог.

Препараттың сапасы қанша жақсы болып тұрса да сізге ботоксты тәжірибесі жоқ косметолог салса, онда бетіңізді бүлдіріп алу қаупі өте жоғары. Мәселен, процедурадан кейін бетіңіз ұсқынсызданып кетуі мүмкін.

Егер бетіңізді ботокспен бүлдіріп алсаңыз, оны қайтадан бастапқы қалпына келтіру өте қиын. Ұсқынсызға айналған бетіңізді дұрыстау үшін амалсыздан хирургтың көмегіне жүгінуіңізге тура келеді, – деді маман.

Сондай-ақ ботокс жасатқан адамның процедурадан кейін бас ауруы пайда болуы мүмкін. Тіпті кейде тыныс алуы нашарлап, қасы мен қабағы төмен түсіп кетеді. Сондықтан өзіңізден түрлі кері симптомдарын байқап жатсаңыз, дәрігерге жүгінгеніңіз абзал.

Процедураның бағасы қанша тұрады?

Бүгінде ботоксты жасататын адамдардың саны артып келе жатқанына қарап, оның бағасының көпшілікке қолжетімді екенін аңғаруға болады. Осы орайда косметолог Мадина Кемелхановадан процедураның бағасын сұрап білдік.

Ботокстың бағасы сізге қанша бірлік қажет екеніне, препараттың түріне, емделушінің тұрғылықты жеріне байланысты. Бір бірліктің құны шамамен 1500 теңгеден басталады. Сонда бір процедураға 10 бірліктей қажет болады десек, оның бағасы 15 000-150 000 мың теңгенің арасында немесе одан жоғары болуы мүмкін, – деді ол.

Ботокстың мұндай бағасына қарап, арзан бағаға сұлулықты сатып аламын деген ойдан аулақ болыңыз, оқырман. Процедураны жасатпастан бұрын жақсылап ойланып алыңыз.

Процедураның нәтижесі

Ботокстың нәтижесі алғаш жасатқанда емделушіде шамамен 1-2 айдай сақталады. Ал егер оны жиі жасатып тұратын болса, 3-4 ай, кейде жарты жылға дейін жететіндей мерзімі ұзара береді. Ол әркімнің өзіне, бет терісіне байланысты.

Егер адамның ағзасында су жетіспеушілігі болса, онда ағза препаратты витамин деп ойлап, ішке сіңіріп алады. Соның нәтижесінде ботокстың әсері ұзаққа жетпейді, – деді Мадина Кемелханова.

Белгілі бір уақыт мерзімі өтіп, ботокстың әсері кеткеннен кейін адамның бетіндегі бастапқы әжімдері қайтадан қалпына келеді. Препаратты қабылдап үйреніп қалған адамдар сол себепті де ботоксты бірнеше рет жасатады.

Бетке әжім түсірмей жас күйінде сақтап қалу

Бет күтімінің адамдардың, әсіресе әйелдердің өмірінде алатын орны ерекше. Егер бетіңізге күнделікті дұрыс күтіммен қарасаңыз, әжім, қара дақ сынды кемшіліктердің пайда болуын алдын аласыз және ол мәселелерді шешудің жолын іздеп әуре болмайсыз.

Болашақта ботокстың көмегіне жүгінбес үшін сізге бет күтіміндегі бірнеше талапты сақтау қажет болады.

Алдымен бетіңізді бет жуатын гельмен мұқият тазалап шығу керек. Егер тоналды крем жаққан болсаңыз, онда бетіңізді гельмен 2 рет жуу қажет. Кейін беттегі қалдықтарды толық кетіру үшін тоннермен жуған жөн. Содан пиллингпен тазалап, бетте қан айналымын жүргізген дұрыс. Келесі қадам – бетке маска қою. Соңында сарысу мен бетке арналған крем жағуыңыз қажет, – деп кеңес берді косметолог.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға