©Pixabay.com

Босануға қалай дұрыс дайындалу керек: болашақ аналарға кеңес

17.09.2025 13:06

Ана болу – кез келген әйелдің өміріндегі ең маңызды әрі әсерлі кезеңдердің бірі. Жаңа өмірдің бастамасы саналатын бұл сәт қуаныш пен үміттен ғана тұрмайды, сонымен қатар үлкен жауапкершілік пен дайындықты талап етеді. Бала анасының құрсағына біткеннен бастап, әйел ағзасында биологиялық, эмоционалдық және психологиялық өзгерістер болады. Сол себепті жүктілікке және босануға ерте бастан дұрыс әрі жан-жақты дайындалу ана мен баланың денсаулығы үшін өте маңызды.

Дұрыс тамақтану, белсенді өмір салтын сақтау, стресті азайту және уақтылы медициналық бақылауда болу - жүктіліктің сау әрі қауіпсіз өтуінің кепілі. El.kz интернет порталы жүктілікке қатысты ең өзекті сауалдарға жауап іздеп, шолу жасады.

Медициналық есепке тұру мерзімдері

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 90-бабына сәйкес, жүкті әйелдер жүктіліктің 12 аптасына дейін медициналық есепке тұруы міндетті.

Бұл талап ананың да, болашақ сәбидің де денсаулығын бақылауда ұстауға, жүктіліктің мүмкін асқынуларының алдын алуға және босану процесіне толық дайындық жасауға бағытталған.

Мамандардың пікірінше, акушер-гинекологқа алғаш жүгінудің ең тиімді мерзімі - 9 бен 12 апта аралығы.

Жүктілік бойынша есепке қайда тұруға болады?

Жүкті әйел медициналық есепке мынадай мекемелерде тұра алады:

  1. Мемлекеттік емхана

Тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелген емханаға жүгінуге болады.

Емхана жанындағы әйелдер консультациясы жүкті әйелдерге тегін қызмет көрсетеді.

  1. Жеке медициналық орталықтар

Әйел өзі таңдаған орталықта есепке тұрып, келісімшарт негізінде жүктілігін бақылауға ала алады.

Орталықты таңдағанда, мына жайттарға назар аударыңыз:

  • Мекеменің медициналық лицензиясы
  • Дәрігерлердің біліктілігі мен тәжірибесі

Қызметтердің реті мен бағасы

Медициналық есепке тұру үшін мына құжаттар мен талдаулар қажет:

Негізгі құжаттар:

  • Жеке куәлік (түпнұсқа және 2 дана көшірме)
  • Күйеуінің жеке куәлігі (1 дана көшірме)
  • Неке қию туралы куәлік (1 дана көшірме)

Медициналық құжаттар:

Флюорография суреті (егер әйелде болмаса, күйеуінің флюорографиясы қажет)

Микрореакцияға талдау (қан арқылы жұқпалы ауруларға тексеру)

Кей жағдайда қосымша талдаулар сұралуы мүмкін: қан және зәр анализдері, УДЗ (УЗИ), гормон деңгейін тексеру және т.б.

Дәрігерге алғашқы бару және бақылау

Жүктілікті ерте бастан бақылауға алу — денсаулыққа деген қамқорлықтың алғашқы қадамы. Алғашқы қабылдау кезінде дәрігер:

Жалпы денсаулық жағдайын тексереді;

Анамнез жинайды (бұрынғы аурулар, созылмалы дерттер, операциялар, аллергиялар, алдыңғы жүктіліктің тарихы);

Жүктіліктің шамамен мерзімін анықтайды;

Жеке жүктілік жүргізу жоспарын жасайды.

Ерте бастан дәрігерге жүгіну — жүктіліктің барлық кезеңін қауіпсіз әрі жүйелі өтуіне мүмкіндік береді.

Босануға психологиялық және физикалық дайындық

Жүктілік кезінде тек медициналық емес, сонымен қатар психологиялық дайындық та аса маңызды. Болашақ ана өзін сабырлы әрі сенімді сезінуі керек. Ол үшін:

Арнайы курстар мен мектептерге қатысу;

Босану туралы әдебиеттер оқу;

Демалу және релаксация әдістерін меңгеру;

Жүкті әйелдерге арналған йога немесе гимнастикамен айналысу ұсынылады.

Пайдалы сілтемелер мен ақпарат көздері

Тұрғылықты жеріңіздегі мемлекеттік емхана жанындағы әйелдер консультациясы

ҚР мемлекеттік емханаларының байланыс деректері:

https://egov.kz/cms/kk/articles/health_care/kont_polik