©Pixabay.com

Бортта жүздеген жолаушы болған: Мәскеуде екі ұшақ соқтығысып қалды

Шереметьево әуежайында екі жолаушылар ұшағы соқтығысып қалды. Бұл туралы «Газета» басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Бейжіңнен келген Hainan Airlines компаниясының Airbus A330 ұшағы Санкт-Петербургке ұшуға дайындалып тұрған «Россия» әуе компаниясына тиесілі Sukhoi Superjet 100 әуе лайнерінің артыңғы бөлігін қанатымен қағып кеткен.

Росавиацияның мәліметінше, екі ұшақта да жүздеген жолаушы болған, алайда ешкім зардап шеккен жоқ.

Жолаушыларға қауіп төнген жоқ, – деді ведомствоның ресми өкілі Артем Кореняко.

Оның сөзінше, мұндай жағдайларда экипаждың әрекеті мен диспетчерлік қызметтің жұмысы қоса тексерілетін болады.

Superjet-те 84 жолаушы және 5 экипаж мүшесі болған. Оларды эвакуациялап, кейін резервтік ұшаққа отырғызды. Бұл әуе кемесі Санкт-Петербургке 23:56-да ұшып шыққан.

Airbus бортында 264 жолаушы отырған. Оқиғадан кейін ұшақ техникалық тексеріске жіберіліп, рейс кейінге қалдырылды. БАҚ дерегінше, жолаушылардың бір бөлігі түнді Мәскеуде өткізген.

Зақымданған тұстары

Superjet-тің рулі бүлінген, ал Airbus қанатының бір бөлігі зақымданған. Әуежай әкімшілігі оқиға орнына апаттық қызметтер бірден жіберілгенін, бірақ олардың көмегі қажет болмағанын хабарлады.

Жағдай әуе қатынасының қауіпсіздігіне әсер еткен жоқ және тез арада бақылауға алынды, – делінген Шереметьево хабарламасында.

Кейбір рейстер кешіккенімен, түнде әуежай кестесі қалыпқа келген.

Тергеу басталды

Оқиғаның себебін анықтау үшін Росавиация комиссия құрды. Оған агенттік басшысының орынбасары Андрей Потемкин жетекшілік етеді. Комиссия құрамына ұшу қауіпсіздігі мамандары, инженерлер және диспетчерлік қызмет өкілдері кірді. Олар экипаждардың әуе байланыс жазбаларын, «қара жәшік» деректерін және ұшақтардың техникалық жағдайын тексереді.

Сонымен қатар, тексеруді Солтүстік-Батыс көлік прокуратурасы да қолға алды. Ведомство «әуе қауіпсіздігі нормалары мен жолаушылар құқықтарының сақталуына баға берілетінін» мәлімдеді. Қорытындысы бойынша қосымша қауіпсіздік шаралары ұсынылуы мүмкін.