Жаңалықтар

Болгарияда «Ұлы дала әйелдері» фотокөрмесі ашылды

Болгарияда «Ұлы дала әйелдері» фотокөрмесі ашылды
Фото: ҚР СІМ 09.03.2024 13:38 1279

Қазақстанның Болгариядағы елшілігінің бастамасымен Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Әулие Кирил және Методий» Ұлттық кітапханасында «Ұлы дала әйелдері» фотокөрмесі ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ҚР СІМ мәліметінше, іс-шараға Халық жиналысы депутаттары, дипломатиялық корпус, шығармашылық зиялы қауым, қазақ диаспорасы, болгар жұртшылығы мен БАҚ өкілдері қатысты.

Көрмені аша отырып, Елші Виктор Темірбаев әйелдердің мемлекеттің қалыптасуы мен дамуындағы, оның ішінде Қазақстанның саяси жүйесінде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар мен қайта құрулар контекстіндегі баға жетпес рөлін атап өтті.

Қазақстандық дипломат жиналған қонақтарды әйелдердің экономикаға, саясатқа, қоғамдық қызметке қатысуын кеңейту жөніндегі мемлекетіміздің жүйелі шараларымен таныстырды. Осы ретте, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен парламенттік сайлауда саяси партиялар кандидаттарының тізімінде әйелдер мен жастар үшін 30%-дық квота енгізілгенін атап өтті.

Өз кезегінде, «Әулие Кирил және Методий» Ұлттық кітапханасының директоры Красимира Александрова ұйымдастырылған фотокөрме Қазақстан әйелдерінің дамыған мемлекет құруға қосқан баға жетпес үлесін айқын көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, біздің еліміз әлемдік аренадағы мемлекеттің жауапты мінез-құлқының үлгісін көрсетуде.

Сонымен қатар, фотокөрменің ашылу салтанатына қатысқан дипломатиялық корпустың дуайені, Марокко Елшісі Закия Ел Мидауи және Швейцария Елшісі Раймунд Фурер Қазақстанның гендерлік теңдікті қамтамасыз ету саласындағы жетістіктеріне жоғары баға беріп, Елшіліктің осы іс-шараны ұйымдастыру жөніндегі бастамасының дәлдігі мен уақтылылығын атап өтті.

Қонақтардың назарына тарихтың әртүрлі кезеңдерінде елдегі мәдениет, өнер, ғылым, саясат және спорттың дамуына үлес қосқан қазақ халқының көрнекті әйелдерінің суреттері ұсынылды.

Фотокөрме 2024 жылдың 20 наурызына дейін ашық болады.

1879 жылы құрылған «Әулие Кирил және Методий» Ұлттық кітапханасы Болгарияның ең ірі кітапханасы болып табылады. Қазіргі уақытта кітапхананың кітап қорында 8 миллионнан астам кітаптар пен қолжазбалар бар.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға