El.kz Артем ЧУРСИНОВ

«Болеро X» премьерасы көрерменді тәнті етті

«Астана балет» театрының сахнасы бұл жолы тек би емес, тұтас қозғалыс философиясын сөйлетті. Әлемдік сахналарды бағындырған «Болеро X» заманауи балеті көрерменді ырғақ, энергия және ұжымдық үйлесім арқылы жаңа әсерге бөледі.

Алдымен «Болеро X» заманауи балетінің премьерасы алдында көрерменге «Орфей мен Эвридика» бір актілі балеті ұсынылды.

Қойылым Ежелгі Грекия мифологиясына негізделген. Балет неоклассика мәнерінде сахналанғанымен, онда заманауи бидің элементтері де көрініс тапты. Спектакль ретроспективалық тәсілмен басталды. Яғни, монастырьде отырған Орфей марқұм Эвридикамен қайта қауышуды армандайды.

Сюжет желісі сүйіктісі Эвридикадан айырылып қалған Орфейдің қайғылы тағдырына құрылған. Жақынынан айырылу тақырыбы көрерменге терең эмоциялық әсер қалдырды.

Костюмдерде мифологиялық символика көрініс тауып, сценографияда тауға ұқсас геометриялық пішіндер қолданылған.

Ал бишілердің пластикасы мен сахнадағы динамикасы көрерменді баурап, әсерлі атмосфера қалыптастырды.

Ал «Болеро X» спектаклінің музыкалық негізін француз композиторы Морис Равельдің әйгілі «Boléro» шығармасы құрайды. Алайда қойылым классикалық туындының жай сахналық иллюстрациясы емес, терең хореографиялық зерттеу ретінде ерекшеленді.

Бұл спектакльде шамамен 50 бишіден тұратын ансамбль сахнада біртұтас ағза ретінде көрініс тапты.

Хореограф жеке орындаушыдан гөрі ұжымдық қозғалысқа басымдық беріп, қайталанатын қимылдар мен өзгермелі динамика арқылы бірлік, ұжымдық сәйкестік және жеке тұлға мен топтың өзара байланысын аша білгені байқалады.

Қойылым музыканың құрылымына сәйкес дамыды. Яғни, баяу басталып, біртіндеп шарықтау шегіне жетті.

Айта кетейік, «Болеро X» бұған дейін Ballet BC және Tanz Akademie Zürich секілді халықаралық ұжымдармен қойылып, әлемнің ірі сахналарында көрсетілген.

Астанадағы премьера Арман Оразғалиев жетекшілік ететін театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті.