Жаңалықтар

Болат Назарбаевтың ұлы әкесінің үстінен сотқа арызданды

Болат Назарбаевтың ұлы әкесінің үстінен сотқа арызданды
Фото: Нұрбол Назарбаев / Болат Назарбаев 21.04.2023 14:28 3007

Иелігіндегі жерінен біртіндеп айырылып жатқан Болат Назарбаевтың үстінен енді өз ұлы Нұрбол Назарбаев сотқа арызданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жақында тұңғыш президенттің інісі Болат Назарбаев Алматыдағы «Барыс» автобазарынан айырылғанын жазғанбыз. Прокурорлар мемлекетке әуелде ауыл шаруашылығына бағытталған жер телімін, яғни базар аумағының қайтарылуын талап еткен.  

Сонымен қатар Жоғарғы сот Назарбаевты «Алматы ауыр машина жасау зауытының» акциясын қайтаруды міндеттеді.

Енді 70 жастағы кәсіпкерге өзінің отбасы мүшелері де қасым көрсетуге көшті. Бұлай дейтініміз, БАҚ-та Назарбаевтың бірінші әйелінен туған ұлы Нұрбол Назарбаев әкесі мен оның екінші әйелі Гүлнұр Дүйсебаеваның үстіне сотқа арызданғаны туралы ақпарат тарады. Кіші Назарбаев азаматтық соттан өзінің ар-намысын қорғауын, Болат Назарбаев пен Гүлнұрдың некесін заңсыз деп тануды сұрады.  

Ар-намыстың қорғалуы дегеннің астарында не жатқанын бүгін білеміз. Себебі осы іс бойынша алдын ала сот тыңдалымы өтеді.

Нұрбол Назарбаев – Болат Назарбаевтың тұңғыш ұлы, көптеген жыл бойы құқық қорғау органдарында жұмыс істеп, полиция полковнигі дәрежесіне дейін көтерілген. Мемлекеттік марапаттары да бір басына жетіп артылады. Соңғы жылдары Нұрбол кәсіпкерлікке бет бұрып, 2022 жылы Forbes журналы оны еліміздің ең беделді 50 кәсіпкерінің тізіміне енгізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға