Жаңалықтар

Болашақта жұмыс орындарында роботтар саны адамдар санымен теңеседі - жас ғалым

Болашақта жұмыс орындарында роботтар саны адамдар санымен теңеседі - жас ғалым
Фото: NU 24.07.2024 18:27 2490

UMAY - NU жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) құрастырған алғашқы цифрлық адам прототипі. Бұл жобамен жас қазақстандық ғалым Жанат Махатаева айналысады. El.kz тілшісі ғалыммен сұ[баттасып, оның қазіргі жобалары мен болашаққа жоспарлары туралы біліп қайтты.

UMAY жобасы ISSAI жасаған бірнеше озық технологияның қосындысынан туындаған. Атап айтқанда, бұл жобада қазақ тіліндегі мәтінді дыбысқа айналдыру, жалпы дыбысты тану, TILMASH неуроаударма машинасы, беттегі қимылдарды тану моделі және шынайы аватар технологиясы пайдаланылды. Жанат Махатаеваның айтуынша, UMAY вируалды көмекші ретінде адам орнына жұмыс істеп, оның компьютермен жұмыс кезіндегі қызметтерінің бағасын түсіріп, сапасын арттыра алады. Ұзақ мерзімді перспективада ол адамдарға және экономикаға пайда әкелуге қабілетті.

El.kz: Цифрлық прототиппен жұмыс жасау идеясы қалай ойыңызға келді? Осы жобаны табысты деп айта аласыз ба? Жобаға кім қатысады?

Жанат Махатаева: Бәрі әрқашан цифрлық адам прототипін жасауға ұмтылады. Мәселен, робототехниктер адамдардың өздерінен аумайтын гуманоид роботтарды жасағысы келеді. Соңғы екі жылдың ішінде бірінші рет LLM мен жасанды интеллектті біріктіріп, фотореалистік модельдерді қолдану арқылы аватарларды жасау мүмкіндігі пайда болды. Осылайша, біз жасанды интеллектпен жақсы қарым-қатынас орната аламыз. Бұл - сөзсіз, жасанды интеллект және ақпаратпен жұмыс істеудің жаңа түрі.

Ғылыми жоба ретінде бұл - өте табысты дүние. Бірінші рет біз LLM, жасанды интеллект пен фотореалистік аватарды біріктіріп, оларды ақпарат және жасанды интеллектпен байланыстыруға болатынан іс жүзінде көрдік. Алдағы уақытта зертханалық жұмыстардан осы жобамызбен халық алдына шығамыз деген үміттемін. UMAY-дың бұрынғы нұсқасында біз оның миы ретінде ChatGPT қолданған едік, ал бұл жолы KAZ LLM жасауға басымдық беріп отырмыз. Болашақта вируалды көмекшілер жергілікті мектептерде қолданыла бастауы әбден мүмкін.

Бұл жоба бойынша дыбысты автоматты түрде тану (ASR), мәтінді дыбысқа айналдыру (TTS), KAZ LLM және ым-шаралар мен анимацияны қоса алғанда, фотореалистік аватарды құру жұмыстары жүзілді. Қазіргі кезде оған 30 ғалым жұмылдырылған. Атап айтқанда, мен деректер жөніндегі бас маман болсам, Рахат Мейрамов - деректер жөніндегі маман, ал Мансур Галымов - ассистент-зерттеуші. Сондай-ақ NU студенттері де зерттеу жұмыстарына қатысуда.

Болашақта жұмыс орындарында роботтар саны адамдар санымен теңеседі - жас ғалым

Фото: NU

El.kz: Бұл жобаны коммерцияландыру мүмкін бе? Қандай перспективалар бар деп оайлайсыз?

Жанат Махатаева:Иә, бұл жобаны коммерцияландыруға әбден болады. Өткен жылға дейін ISSAI академиялық зерттеу жұмыстары мен ғылыми мақалалар жариялаумен айналысты. Алайда қазір жұмысымызға кішкене өзгеріс енгізіп, жобаларымызды коммерцияландыруға әзірміз.

Вируалды аватар сөйлейтін цифрлық экрандарды көшелерге немесе дүкендерге қоюға болады. Олар адамдардың түрлі сұрақтарына жауап беріп, оларға көмекші болмақ. Болашақта жұмыс орындарында роботтар саны адамдар санымен теңеспек. Бұл - келешекте барлық салада қолданылатын технология, себебі ол адамдардың компьютермен қарым-қатынасына өзгерістер енгізуде.

Әрине, біз әрқашан компьютер, технология және жасанды интеллектпен тікелей байланыста боламыз, алайда виртуалды аватарлар бұл процесті әлдеқайда жеңілдетпек. Біз бұл технологияға ерте аяқ басып отырмыз, бұл - мақтанатын жағдай. Әдетте Қазақстан өзгелерден үйренеді. Жасанды интеллект пен Үкіметтің осы саланы қолдауы арқасында біз жақсы жетістіктерге жетіп жатырмыз, тіпті басқалардан да асудамыз.

El.kz: ISSAI тағы қандай жобалармен айналысады?

Жанат Махатаева:ISSAI-дың биометрика, жылу арқылы бет қимылдарын тану, тілді тану және өңдеу салаларында, атап айтқанда, қазақ тіліндегі дыбысты мәтінге айналдыру және керісінше, TILMASH неуроаударма машинасы сияқты жобалары бар. 2024 жылы ISSAI Қазақстан Республикасының генеративті жасанды интеллект дәуіріне сәтті аяқ басуына себепші болуды жоспарлап отыр. Институт KAZ LLM дербес тілдік моделін жасамақ. Ол үшін қазақ, ағылшын және орыс тілдеріндегі мәтінді тану және өңдеу бойынша жұмыстар жасалмақ. Келесі қадам ретінде институт суреттерді танып, оларды сипаттап бере алатын көру моделін жасауды көздеп отыр.

El.kz: Өзіңіз, ғылым жолыңыз, жұмыс істеген жобаларыңыз туралы айтып кетсеңіз.

Жанат Махатаева: Мен постдокторантпын әрі NU жанындағы Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының (ISSAI) аға деректер талдаушысымын. Сондай-ақ Microsoft Research PhD Fellow 2021-2022 атандым. NU Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінде PhD докторы дәрежесін алдым. Оған қоса осы білім ордасында 2019 жылы робототехника және мехатроника саласында магистр атанып, 2017 жылы робототехника бойынша бакалавр дәрежесін алған едім.

Мені қосымша әлем, когнитивті көмекші жүйелер, жасанды интеллект, адам жадын күшейту, когнитивті эргономика, жүйелерді тестілеу және бағалау, сондай-ақ адамдардың ақпаратты өңдеуі кезінде туындайтын проблемалар тақырыптары қызықтырады.

Докторантура кезінде ISSAI директоры Атакан Хусейн Варол ғылыми жетекшім болды, ғылыми жұмысымның тақырыбы - «Қосымша әлем арқылы жасанды интеллект негізінде адам жадын күшейту». NU-да оқып жүрген кезімде адам жадын күшейтетін алғашқы жүйе ExoMem-ді ойлап таптым, сондай-ақ өнеркәсіп орындарында жұмысшы робот айналасындағы қауіпсіз және қауіпті аумақтарды берден анықтайтын жүйе жасадым. Қазіргі кезде мен жергілікті мектептерде орнатуға болатын оқу барысында көмек көрсететін виртуалды прототипті құрастырумен айналысып жатырмын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға