«Болашақ» халықаралық бағдарламасы көптеген жас қазақстандыққа шетелде білім алуға жол ашты. Қазіргі таңда осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған түлектер түрлі салада жетістікке жетіп, елдің ғылымы мен мәдениетін, спортын және өнерін жаңа деңгейге көтеріп жүр. Олардың қатарында көпшілікке есімі кеңінен танымал тұлғалар да бар. El.kz интернет-порталы назарларыңызға сол түлектердің тізімін ұсынады.
Мария Мудряк
Опера әншісі Мария Мудряк бүгінде әлем сахналарында жарқырап жүрген дарынды жұлдыздардың қатарында. Оның өнер жолы ерте басталды: бес жасында музыка мектебіне қабылданып, сегіз жасында оқуын үздік аяқтады. Кейін музыкалық колледждің «вокал» және «фортепиано» бөлімінде білім алды. Ерекше қабілетінің арқасында 2000 жылы Гиннестің рекордтар кітабына «әлемнің ең жас әншісі» ретінде енді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Он жасында анасымен бірге Италияға қоныс аударған Мария өзінің таланты мен еңбекқорлығының арқасында Миландағы әйгілі Ла Скала театры жанындағы Жоғары музыка академиясына қабылданды. Оның дарынын жоғары бағалаған ел басшылығы жас өнерпазға қолдау көрсетіп, 12 жасында мектеп түлектеріне арналған «Болашақ» бағдарламасы бойынша грант иегері атануына мүмкіндік берді. 2005 жылы ол бір мезгілде академияда да, Джузеппе Верди атындағы мемлекеттік консерваторияда да білімін жалғастырды.
Мария Мудряк Қазақстан мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып келеді. Ол «Астана опера» театрының солисі ретінде көптеген табысты қойылымдарға қатысып, ұлттық өнердің халықаралық деңгейде насихатталуына ықпал етті. Қазіргі уақытта Италияда тұратын әнші Қазақстанға жиі келіп, шығармашылық концерттер өткізеді.
Асхат Маемиров
Асхат Маемиров – «Болашақ» бағдарламасының табысты түлектерінің бірі. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану ғылымдарының PhD докторы, профессор, танымал театр режиссері ретінде ұлттық мәдениет пен өнердің дамуына зор үлес қосып келеді. 2008 жылы Париждегі Université Sorbonne Nouvelle Paris университетінде білім алу үшін мемлекеттік грант жеңіп алып, кәсіби жолын жаңа деңгейге көтерді.
Асхат Маемиров Қазақстандағы заманауи театр өнерінің дамуына зор үлес қосты. Ол елімізде тұңғыш рет ашылған Astana Musical театрына көркемдік жетекшілік етіп, ұлттық сахнада бұрын-соңды болмаған жаңа деңгей қалыптастырды. Сондай-ақ, «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының бас директоры, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры сынды жауапты қызметтерді атқарды. Кейін Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры болып еңбек етті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Оның шығармашылық жұмыстары әрдайым көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Режиссер сахналаған спектакльдерге билеттер алдын ала сатылып кетіп, тіпті кейбір қойылымдарға жарты жыл бұрын кезекке тұратындар да бар. Асхат Маемировтың репертуарында қазақ және әлемдік драматургияның озық үлгілері бар. Ол көрерменге «Біржан – Сара», «Қыз Жібек», «Дядя Ваня», «С любимыми не расставайтесь», «Ақтастағы Ахико», «Абай – Тоғжан», «Шәмші», «Гауһартас» сынды сахналық туындыларды ұсынды.
Бүгінде ол Астанадағы Музыкалық жас көрермен театрының директоры ретінде қызмет атқарып, жас буынға эстетикалық тәрбие беруде, ұлттық өнерді дәріптеуде аянбай еңбек етіп келеді.
Қанат Әуесбай
Қанат Әуесбай – журналист-педагог, филология ғылымдарының кандидаты. Ол әр жылдары «Қазақстан» ұлттық арнасында тілші әрі шеф-редактор, «Atyraý» телерадиокомпаниясының директоры, жалпыұлттық қозғалыстың медиа-директоры, «Astana» телеарнасының жүргізушісі, сондай-ақ Елбасы кітапханасының баспасөз қызметінде аға сарапшы қызметтерін атқарды. Бұған қоса, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқытушы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде доцент, Халел Досмұхаммедұлы атындағы Атырау университетінде аға оқытушы болып еңбек етті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қанат Әуесбай – бұқаралық ақпарат құралдары саласында «Болашақ» халықаралық бағдарламасымен білім алған алғашқы журналист. Ол Ұлыбританияның Норвич қаласындағы Шығыс Англия университетінің түлегі.
Шығармашылық еңбегі мен кәсіби қызметі жоғары бағаланып, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстан жастар одағы «Серпер» сыйлығының иегері, республикалық «Nur Sunqar» байқауының жеңімпазы атанды. Сондай-ақ ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Ақпарат саласының үздігі», ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған.
Ол – Ұлыбританияда жарық көрген қазақ және ағылшын тіліндегі «Батыс көрген. Ұлыбритания қазақтың көзімен» кітабының авторы.
Айгүл Иманбаева
Айгүл Иманбаева – әнші, актриса, продюсер. Ол Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдап, театр сахнасында «Қыз Жібек», «Желтоқсан желі» сынды қойылымдарда басты рөлдерді сомдады. Кино саласында «Ғашық жүрек», «Сүйінші» фильмдеріндегі образдарымен көрерменге жақсы таныс. Эстрадада жеке әндері мен бейнеклиптері бар, «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері. 2011 жылы жеке «А.И» драма театрын ашып, шығармашылық жобаларға жетекшілік етті.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
2023 жылы ол «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Ұлыбританияға оқуға түсіп, Лондонда «Мәдениетті басқару» мамандығы бойынша білім алды. 2024 жылы оқуын аяқтап, елге оралды.
Айгүл Иманбаева бүгінде төрт жоғары білімнің иегері. Оның екеуі өнер саласына, бір дипломы кәсіпкерлікке қатысты, соңғысы – «Мәдениетті басқару» мамандығы бойынша.
Әнші шығармашылық жолымен қатар кәсіпкерлік салада да еңбектеніп жүр. Ол сахнадан негізгі табысын тауып қана қоймай, жеке мектебін ашып, өнер мен білімді ұштастыруда.
Актриса әлеуметтік желіде «Мәдениетті басқару» мамандығы міндетті түрде әкім немесе министр болу дегенді білдірмейтінін атап өтті. Кейбір оқырмандарынан қойылған сауалдарға орай, ол: «Мен жұмыс істеп жүрмін, басқарып жүрмін. Өнердегі жұмыстарым – осы мамандықтың аясында жүзеге асып жатыр», – деп түсіндірді.
Алан Бөрібаев
Алан Бөрібаев – қазақтың музыка өнерінде айрықша орны бар тұлға. Ол – белгілі композитор Ахмет Жұбановтың қызы, пианист Шолпан Жұбанова мен виолончелист Асқар Бөрібаевтың ұлы. Музыканттар отбасында дүниеге келген Алан бала кезінен өнерге бейім болып өсті. Әуелі скрипкада ойнап, кейін әкесінің бағыттауымен дирижерлікке ден қойды.
Сурет: әлеуметтік желіден
Алматыдағы Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны үздік тәмамдаған жас дарын шығармашылық жолын шетелде жалғастыруға мүмкіндік алды. Ол «Болашақ» бағдарламасының грантын жеңіп, Австриядағы Вена музыка және орындаушылық өнер университетінде білімін шыңдады.
Бүгінде Алан Бөрібаев халықаралық деңгейде танылған дирижер ретінде Қазақстанды ғана емес, қазақ композиторларының шығармаларын да әлемдік сахналарда насихаттап жүр. Оның өнері еліміздегі классикалық музыканың беделін көтеруге айрықша ықпал етті. Қазіргі таңда ол «Астана опера» театрының бас дирижері қызметін атқарып, ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде дәріптеп келеді.
Рахат-Би Әбдісағин
Қазақтың жас композиторы әрі пианисі Рахат-Би Әбдісағинді көпшілік «қазақтың Моцарты» деп атайды. Бұл атақ оның ерте жастан-ақ музыкалық дарынымен танылғанына байланысты. Ол жеті жылдық музыка мектебін үш жылда аяқтап, 12 жасында алғашқы шығармаларын жазды. 18 жасында магистрлік диссертациясын қорғап, Қазақстан тарихындағы ең жас «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. 17 жасында «Мәдениет пен өнер саласына қосқан үлесі үшін» марапатын иеленген тұңғыш қайраткер болды.
Сурет: әлеуметтік желіден
Бүгінде Рахат-Би Әбдісағин «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Шотландиядағы Royal Conservatoire of Scotland консерваториясында докторантурада білім алып жүр. Оның докторлық зерттеу жұмысы аясында жазған The Bruce операсы 2023 жылдың қысында Глазгодағы Кафедралдық соборда әлемдік премьерасымен көрсетіліп, аншлаг жинады. Бұл туындыны көруге әлемнің беделді ғалымдары мен өнер қайраткерлері қатысты.
Мұрат Есжан мен Айсәуле Әбілдаева
Қазақ көрермені жылы қабылдаған «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян, қазақ» телехикаялары ел руханиятына серпін берген туындылардың бірі болды. Әсіресе, «Міржақып. Оян, қазақ» фильмі кинотеатрларда көрсетілген кезде қоғамда үлкен қызығушылық туғызып, жастар әлеуметтік желілерде арнайы челлендж бастады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бұл жобалардың жарыққа шығуына «Болашақ» бағдарламасының түлектері, ерлі-зайыпты Мұрат Есжан мен Айсәуле Әбілдаеваның қосқан еңбегі айрықша. Екеуі де АҚШ-тағы San-Francisco Film Academy-де білім алып, кино саласында кәсіби тәжірибе жинақтады. Мұрат Есжан – киносценарист, ал Айсәуле Әбілдаева – продюсер мамандығы бойынша оқу тәмамдаған.
Қазақстанға оралған соң шығармашылық жолын «I am going to Paris» атты дебюттік фильмімен бастаған олар кейіннен отандық көрерменге бірнеше тарихи және тағылымды туындыларын ұсынды. Айсәуле Әбілдаева өз сөзінде: «Біз – мемлекеттің ақталған инвестициясымыз» деп атап өткеніндей, олардың еңбегі осы пікірді толық дәлелдейді.
Бүгінде жұп «MuraiPro» атты жеке компания құрып, отандық киноөндірістің дамуына үлес қосып келеді. Қазір де жаңа жобалар түсіру үстінде.
Серік Сәпиев
Лондон Олимпиадасының чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері, екі дүркін әлем чемпионы Серік Сәпиевтің есімі қазақ спортының тарихында алтын әріппен жазылған. Танымал боксшы 2012 жылы кәсіби спорттағы жолын аяқтап, ел игілігіне бағытталған жаңа кезеңін бастады.
Ол «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Ұлыбританиядағы Brunel University-де білім алып, спорт менеджменті мен ұйымдастыру ісін жетік меңгерді. Кейіннен 2014-2017 жылдары «Astana Arlans» кәсіби бокс клубының бас директоры қызметін атқарып, отандық спорттың дамуына айтарлықтай үлес қосты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
2017 жылдың 28 ақпанынан 2019 жылдың 30 қаңтарына дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып, елдің әлеуметтік-спорттық саясатын дамытуға атсалысты.
Қазіргі таңда Серік Сәпиев – Ұлттық Сурдлимпиада комитетінің президенті әрі Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы. Оның кәсіби тәжірибесі мен қоғамдық қызметі спортшыларға ғана емес, жалпы жастарға үлгі болуда.
Айта кетейік, биылдың өзінде «Болашақ» стипендиясын алуға жалпы 981 адам өтініш берген. Оның ішінде 916 адам бірінші кезеңнен, 659 адам екінші кезеңнен өтті, ал үшінші кезеңде 217 үміткер жеңімпаз деп танылды.
Бұған дейін оқушылар ойлап тапқан дрон мен ауыл мектебіндегі жаңашылдық жайлы жазған едік.

