«Болашақ» жаңа бағытпен толықты: атом саласының мамандары даярланады
Қазақстан атом энергетикасының болашақ дамуына қажетті мамандарды даярлауды күшейтуде. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі халықаралық «Болашақ» бағдарламасына атом саласы үшін кадрлар даярлауды қамтитын жаңа бағыт енгізуді көздейтін төртжақты Меморандумға қол қойылғанын хабарлады, деп жазады El.kz интернет-порталы.
Құжатқа ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Асан Сәтқалиев, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Арман Құсманов пен «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Ерлан Бердіғұлов қол қойды. Тараптар болашақ атом электр станциясын салу және оны пайдалану үшін білікті мамандардың стратегиялық маңызын атап өтті.
Алғашқы гранттар – 2026 жылы
Пилоттық кезең аясында 2026 жылы атом энергетикасы бағыты бойынша «Болашақ» бағдарламасының 20 гранты бөлінеді. Кейін бұл бағыт бойынша жыл сайын гранттар қарастырылмақ. Бағдарлама шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында халықаралық тағылымдамаларды, магистратура мен докторантураны қамтиды.
Әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік
Қазіргі уақытта Қазақстан бірқатар ірі білім беру орталықтарымен келісімдер жасауда. Олардың қатарында: Pennsylvania State University, Grenoble INP – UGA, Shanghai Jiao Tong University, City University of Hong Kong, сондай-ақ Ресейдің Ұлттық зерттеу ядролық университеті «МИФИ».
Оқудан кейін міндетті жұмысқа орналасу
Мамандарды даярлаудың негізгі талаптарының бірі – жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату. Бұл мақсатта стипендиат, атом саласының кәсіпорны және «Болашақ» бағдарламасының әкімшісі арасында үшжақты келісімшарттар жасалатын болады. Бұл түлектердің міндетті түрде жұмысқа орналасуын қамтамасыз етеді.
Атом саласы үшін жаңа кәсіби пул қалыптасады
«Болашақ» бағдарламасы аясында жеке бағыттың іске қосылуы елде инженерлер, технологтар, операторлар және басқа да халықаралық деңгейдегі мамандардан тұратын кәсіби команда қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл кадрлар Қазақстанның атом энергетикасын дамытуға және елдің технологиялық әлеуетін күшейтуге негіз болады.

