Жаңалықтар

«Болашақ» түлектеріне еңбекпен өтеу мерзімін қысқартуға мүмкіндік беріледі

«Болашақ» түлектеріне еңбекпен өтеу мерзімін қысқартуға мүмкіндік беріледі
Фото: gov.kz 28.02.2023 09:55 878

2023 жылдан бастап шетелде өндірістік тағылымдамадан өту үшін «Болашақ» президенттік стипендиясының иегерлеріне еңбекпен өтеу мерзімін 1 жылға шегеру мүмкіндігі беріледі. Стипендиаттар «Fortune Global 500», «Forbes Global 2000», «Forbes Top 100 Digital Companies», әлемдік рейтингтеріне кіретін ұйымдарда, БҰҰ-ның халықаралық ұйымдарында тағылымдамадан өте алады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сондай-ақ докторанттарға алған мамандығы бойынша постдокторантурадан өту үшін еңбекпен өтеу мерзімі шегеріледі.

«Өзгертулердің арқасында «Болашақ» стипендиаттары шетелдік жоғары оқу орындарында академиялық оқуын аяқтағаннан кейін әлемдегі үздік халықаралық компанияларда жұмыс істей алады. Бұл оларға жетекші ұйымдарда тәжірибе жинақтап, халықаралық деңгейдегі кәсіби байланыстар орнатуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Ләззат Әділова.

Халықаралық бағдарлама стипендиаттары әлемдегі ірі компаниялардың рейтингіне кіретін ұйымға өз бетінше жұмысқа орналасуы тиіс.

Бағдарлама шарттары бойынша оқуын аяқтағаннан кейін түлектер Қазақстан аумағында алған мамандығы бойынша еңбекпен өтеуі керек. Республикалық маңызы бар қалаларда еңбекпен өтеу мерзімі 5 жылды құрайды. Өңірлерде жұмыс істеуге баратын түлектердің еңбекпен өтеу мерзімі 3 жылға қысқартылды. Аталған шара өңірлерге баратын және ауылда жұмыс істейтін болашақтықтардың үлесін арттыруға бағытталған.

Естеріңізге сала кетейік, биыл «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында магистратура және резидентура бағдарламаларына 395 стипендия, докторантураға 50 стипендия, тағылымдамадан өту үшін 110 стипендия бөлінді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға