Жаңалықтар

Болашақта ұмыт болатын 10 мамандық пен кәсіп

Әлемдік ақпарат көздеріне көз жүгірте отырып, таяу жылдарда мүмкіндігі шектелетін немесе мүлде қолданыстан қалатын мамандықтарға тоқталмақпыз.
Болашақта ұмыт болатын 10 мамандық пен кәсіп
28.10.2017 19:10 5184

Адамзат қоғамында еңбек бөлінісі пайда болғаннан бері, қаншама кәсіптер мен мамандықтар қалыптасты. Түрлі факторлардың әсерімен олардың кейбірі әр кез сұранысты қалпын бұзбай келе жатыр. Техника, технологияның дамуына орай, мамандықтарға деген сұраныстың, қоғамдағы беделінің де өзгеріп отырғаны белгілі. Мысалы, ХХ ғасырдың басынан 90-жылдарына дейін әр қала мен елді мекендерде халыққа мәдени қызмет жасайтын киномеханик дейтін мамандық иесі болғандығын ауылдық жерлердегі кейінгі буын білмейтін де болар. Мәдениет техникумында бұл мамандықтың қыр-сырын оқытатын. Қазіргі күні ірі елді мекендер мен қалаларда болмаса, киномеханиктерді ауылдардан таппайсыз. Мұндай архаизмге айнаған мамандықтарға көптеп мысалдар келтіруге болады.

Әлемдік ақпарат көздеріне көз жүгірте отырып, таяу жылдарда мүмкіндігі шектелетін немесе мүлде қолданыстан қалатын мамандықтарға тоқталмақпыз.

1. Кассир. Кішкентай ғана темір торлы қуыс терезенің ар жағынан ақша қабылдап, беріп отыратын кассирлер де касса да болмайды. Сату-сатып алу, өткеру-қабылдап алулар адамның қатысуынсыз, онлайн түрінде өтетін болғандықтан, кассир мамандығына деген сұраныс жоғалмақ.

2. Телемаркетер. Баулы телефон арқылы қажетті адамдармен байланыс жасайтын бұл әдіс кешікпей қолданыстан шығады. Бизнестік әріптестермен байланыс жасауда бұдан өзге де қолайлы құрал-жабдықтар қолданысқа енуде.

3. Турагенттіктер. Ғаламтор дамуына байланысты, адамдар туристік компаниялардың делдалдығы арқылы емес, барлық ақпараттарды өзі ғаламтор арқылы анықтап алып, саяхат уақытын өзі шығарып, ұшақ билетін өзі сатып алатын мүмкіндікке ие болған себепті, туристік агенттіктердің қажеті болмай қалмақ.

4. Такси немесе таксист. GPS-тің көмегімен адам қайда болмасын баратын мүмкіндікке ие болғандықтан, әрі жүргізушісіз көліктер қолданысқа кеңінен енетіндіктен бұл кәсіп иесінің де, қоғамдық көліктің де қызметі үлкен өзгерісті күтіп тұр.

5. Баспаханалар. Бизнестің қызу бәсекелестігі ауқымында медиаәлемдегі техникалық, технологиялық дамуға байланысты, баспаханалардың дәуірі аяқталмақ. Осыған сәйкес, қағаз кітаптар мен газет-журналдар да тарих қойнауына аттануы ғажап емес.

6. Экскурсоводтар. Музейлер мен көрмелерде, т.б. мәдени орындарда келушілерге даяшылық көрсететін қызметкердің орнын роботтар басуы әбден мүмкін.

7. Сән модельдері. Болашақта подиумда ойқастайтын кәдімгі арулардың орнын жасанды «арулар» басатын болады.

8. Салық жинаушылар мен шенеуніктер. Салықты жинау, өндіріп алудың әдіс-тәсілдері мүлде өзгеріске ұшырамақ. Сондықтан салық мамандығына оқуға ойланып барған дұрыс. Ал электронды құжатайналымның қалыпқа кіруі, электронды үкімет қызметінің ұлғаюына байланысты кеңсе шенеуніктерінің саны мүлде азая түспек.

9. Шаштараз. Адамзат қоғамындағы ең ежелгі даяшылық кәсіптердің бірі – шаштараз. Шаштараздардың орнын болашақта арнайы бағдарлама батырмасын басу арқылы қиып-түзеп беретін ақылды, робот шашатараздар басатын болады.

10. Риэлтор. Интернет-ресурстардың дамуына байланысты, сатушы мен сатып алушының өзара жолығу мүмкіндігі арта түскендіктен, жылжымайтын мүлік саласындағы бұл делдалдық қызмет мүлде дерлік жойылып кетпек.

Біреу кетіп жатса, біреу келіп жататын адамзат қоғамында кейбір мамандықтар осылайша, жойылып кеер болса, болашақта біз естіп-білмеген жаңа мамандықтар туындап, қоғамға қызмет ететін болады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға