Бокстан әлемнің қос салмақтағы чемпионы көз жұмды
Мөлдір Қайнар тілші
Америкалық боксшы, екі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанған Дуайт Мохаммед Кави 72 жасында қайтыс болды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы ESPN порталы жазды.
Боксшының әпкесі Ванда Кингтің мәліметінше, Кави 25 шілде күні, бес жыл бойы деменция диагнозымен күресіп келгеннен кейін көз жұмған.
Кави Балтимор қаласында дүниеге келіп, Кэмденде өскен. Ол қарулы тонау үшін сотталып, жазасын өтеу барысында Нью-Джерси штатындағы Рауэй түрмесінде бокспен айналыса бастаған. 1978 жылы бостандыққа шыққан соң, 25 жасында кәсіби боксшы ретінде өнер көрсете бастады.
Ол мансабын 1998 жылы аяқтады. Жалпы кәсіби көрсеткіші – 41 жеңіс, 11 жеңіліс, 1 тең есеп, оның ішінде 25 жекпе-жекте қарсыласын нокаутпен жеңген. 2004 жылы Кави Халықаралық бокс даңқы залына енгізілді.
Кәсіби спорттағы мансабын аяқтағаннан кейін Кави бокс жаттықтырушысы, жастар құқығын қорғаушы және есірткі мен алкогольге тәуелділікке қарсы күрес жөніндегі кеңесші ретінде жұмыс істеген.

