Фото: Арман Мухатов

Бокстан әлем чемпиондары елге оралды

16.09.2025 11:14

Бүгін елордаға бокстан әлем чемпиондары Санжар Тәшкенбай мен Айбек Оралбай жеңіспен оралды. Ливерпульде өткен дүбірлі додада топ жарған спортшыларды әуежайдан отбасылары, достары және жанкүйерлері ерекше ықыласпен күтіп алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Көк туды қолдарына ұстаған көпшілік чемпиондарды ұзақ уақыт бойы құттықтап, суретке түсіп, ыстық лебіздерін білдірді.

Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов алдағы ақпан айында өтетін Әлем кубогының соңғы кезеңіне дайындық басталғанын атап өтті. Ол сонымен қатар Ливерпульдегі төрешілер жұмысына қатысты пікір білдірді:

Кейбір даулы сәттер болды, дегенмен біздің боксшылар қарсыластарынан айқын басым түсіп, жеңіс үшін бар күшін салды, – деді бапкер.

Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, аса ауыр салмақ дәрежесінде (+90 кг) өнер көрсететін Айбек Оралбай әлем чемпионатында алғаш рет алтын медаль жеңіп алды.

Триумфтан кейін чемпион көптен күткен бұл жетістігіне шексіз қуанышты екенін айтып, бүкіл елге қолдау мен ыстық ықыласы үшін алғыс білдірді. Ол ендігі кезекте басты назарын Олимпиадаға аударатынын атап өтті:

Барлығы ойдағыдай өтті. Отанымызға аман-есен оралғанымызға қуаныштымыз. Енді алдағы ірі додаларға дайындаламыз. Алдағы басты мақсат – 2028 жылғы Олимпиада медалі. Барша қазақстандықтарға және ұлттық бокс құрамасына қолдауы үшін шын жүректен алғыс айтамын. Жеңіс жолындағы еңбегімізді жалғастыра береміз, – деді Айбек Оралбай.

Астанаға алтын медальмен оралған екінші чемпион – 50 келі салмақ санатында өнер көрсеткен Санжар Тәшкенбай.

Бұл чемпионат оңай болған жоқ. Команда болып бірінші орынды жеңіп алдық. Барлық тараптан көрсетілген қолдауға алғысым шексіз. Маған жартылай финал финалға қарағанда әлдеқайда ауыр болды. Ал финалда біз сенімді түрде жеңіске жетуге ұмтылдық. Әр қарсылас мықты, әр жекпе-жек нағыз сынақ болды. Қазақстан халқына қолдау білдіргені үшін зор алғыс айтамын. Біз мұнымен тоқтамаймыз, алда әлі талай жеңіс бар деп сенемін, – деді Санжар Тәшкенбай.

Еске сала кетейік, World Boxing ұйымдастыруымен өткен алғашқы байрақты бәсекеде қазақстандық боксшылар 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медальға ие болды.