iba.sport

Бокстан әлем чемпионатының ашылу салтанаты қалай өтті

Дубайда (БАӘ) Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырған 2025 жылғы әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Әлемдік дода шымылдығын түрген ресми рәсімде Қазақстан ұлттық құрамасы сап түзеп өтіп, ел туын аса ауыр салмақта (+92 кг) өнер көрсететін Нұрлан Сапарбай алып шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Жарысқа қатысатын Қазақстан бокс құрамасының толық құрамы мынандай:

Теміртас Жүсіпов (48 кг), Даниял Сабит (51 кг), Сәкен Бибосынов (54 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Серік Теміржанов (60 кг), Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг), Санатәлі Толтаев (67 кг), Абылайхан Жүсіпов (71 кг), Сабыржан Аққалықов (75 кг), Ерасыл Жақпеков (81 кг), Дәулет Төлемісов (86 кг), Нурмагамед Юсупов (92 кг) және Нұрлан Сапарбай (+92 кг).

iba.sport

Биылғы доданың басты ерекшеліктерінің бірі ­– рекордтық көлемдегі жүлде қоры. Оның көлемі – 8,3 миллион доллар. IBA президенті Умар Кремлёвтің айтуынша, жүлде үлестіру жүйесі ашық әрі әділ болу үшін нақты стандарт бекітілген: 50% – спортшыға, 25% – жеке жаттықтырушыға, 25% ұлттық федерацияға беріледі.

iba.sport

IBA – біздің халықаралық бокс үйіміз. Біз ең алдымен спортшылар мен бапкерлерге қолайлы жағдай жасауды мақсат етіп отырмыз. Чемпиондарға – 300 мың, күміс жүлдегерлерге – 150 мың, қола иегерлеріне 75 мың доллар береміз. Төртінші және бесінші орын алған спортшылар да назардан тыс қалмайды – әрқайсысына 10 мың доллардан табыстаймыз. 2027 жылғы әлем чемпионатында жүлде қорын 10 миллион долларға дейін арттыру жоспарланып отыр, – деді Кремлёв.

iba.sport

Айта кетерлігі, техникалық жиында қабылданған шешімге сәйкес, чемпионаттың басталуы бір күнге кейінге шегерілді. Бұған кейбір ел спортшыларының виза мәселесіне байланысты кеш келуі себеп болған.

iba.sport

Алғашқы жекпе-жектер 3 желтоқсанда өтуі тиіс еді, алайда біз оларды 4 желтоқсанға ауыстырдық. Себебі барлық қатысушылар уақытында келіп үлгерген жоқ, – деді IBA бас хатшысы Крис Робертс.

iba.sport/Рой Джонс