ҚР ҰОК

Бокстан әлем чемпионаты: үшінші күннің нәтижелері

Дубайда (БАӘ) Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) ұйымдастырып жатқан 2025 жылғы әлем чемпионатында үшінші күнгі жекпе-жектер аяқталды. Бұл күні Қазақстан құрамасының төрт бірдей боксшысы рингке шығып, барлығы да жеңіске қол жеткізді.

Алғаш болып 75 келі салмақта Сабыржан Аққалықов шаршы алаңға көтерілді. Әлем кубогының жеңімпазы бұл жолы Сейшель аралдарының боксшысы Джошуа Аарон Кузинмен кездесіп, екінші раундта нокаут жасап, айқын жеңіске жетті.

Одан кейін 54 келі салмақтағы Сәкен Бибосынов Ботсвана былғары қолғап шебері Катлего Кеорапецені еш қиындықсыз жеңді. Олимпиада жүлдегері әрі әлемнің екі дүркін чемпионы саналатын Сәкен жекпе-жектің басынан-ақ басымдық танытып, айқасты толық бақылауда ұстады.

51 келі салмақта өнер көрсеткен Даниял Сәбит те жарысты сенімді бастады. Азия чемпионатының күміс жүлдегері және Қазақстанның үш дүркін чемпионы 1/16 финалда кениялық Кельвин Майнаны жеңіп, келесі кезеңге өтті.

Кештің соңғы жекпе-жегінде 60 келіде ел намысын қорғаған Серік Теміржанов Моңғолия боксшысы Цэндбаатар Эрдэнэбатты төрешілердің ортақ шешімімен ұтты. Кездесуден кейін Серік өзінің әсерін бөлісті:

Бәрі жоспарлағандай өтті. Қарсыласым – үш дүркін Азия чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері, Токио мен Рио Олимпиадаларының қатысушысы. Қазір кәсіби бокста бірнеше белбеуі бар мықты спортшы. Бұл алғашқы айқас болғандықтан, сәл қиындықтар болды. Тактикалық жағынан бәрі ойдағыдай болды, тек аяқтарым сәл бағынбай қалды. Екінші жекпе-жекке дейін бәрі қалыпқа келеді деп ойлаймын. Бұл әлем чемпионатына өте мұқият дайындалдық. 2021 жылы күміс алдым, енді сол нәтижені алтынға айналдыру – басты мақсатым, – деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бұл әлем біріншілігіне барлық 13 салмақ дәрежесі бойынша қатысып жатыр. Қазірдің өзінде сегіз боксшымыз алғашқы айналымнан сүрінбей өтті.

Әлем чемпионаты 13 желтоқсанға дейін жалғасады. Турнирдің жалпы жүлде қоры 8,32 миллион долларды құрайды.