Бөкетов университетінде шетелдік қонақтардың қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің базасында "Шет тілінде білім беруді дамытудың перспективалары мен жаңа үрдістері" атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға Түркия елшілігінің білім беру жөніндегі кеңесшісі Омер Инан, доцент, Қытай Халық әдебиеті және суретшілер қауымдастығының мүшесі, Қытай тарапынан Конфуций Институтының директоры Чжао Яаньцзюнь, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шетел тілдері кафедрасының доценті Г.К. Құлжанбекова және т.б. қатысты.
Педагогика ғылымдарының кандидаты, Низами атындағы Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінің шет тілдер факультетінің деканы А.М. Мамадалиев студенттерге қос дипломды білім алуға мүмкіндік беретін бірлескен білім беру бағдарламасына қосқан үлесі үшін Бөкетов университетінің қызметкерлеріне алғысын білдірді.
«90 жылдық тарихы бар Низами атындағы мемлекеттік педагогикалық университет ең беделді оқу орындарының рейтингінде тұрған университетпен осы күнге дейін бірлескен білім беру бағдарламасын құрған жоқ. Бөкетов университетінің оқытушы-әріптестеріміздің арқасында қос дипломды білім алу бойынша бағдарлама жасалды. Бұл мәдениетаралық қарым-қатынасты қолдап, нығайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз», — деп атап өтті.
Atatürk University (Түркия), University College London (Ұлыбритания), the University of Lille (Франция), Франциск Скорина атындағы Гомель мемлекеттік университеті (Беларусь), Тамбов мемлекеттік техникалық университеті (Ресей) сынды Қазақстандағы және шетелдегі жоғары оқу орындарынан конференцияға 120-дан астам ғылыми баяндама ұсынылды.
Ғылыми конференция өткізудің академиялық ортада маңызы зор, ғылыми зерттеулер үрдісіне өзіндік үлес қосады, еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келген ғалымдар арасында пікір алмасу алаңына айналады.