BMW мен Mercedes-ті басып озды: Toyota әлемдегі ең қымбат автокөлік бренді атанды
Interbrand консалтинг компаниясы әлемдік брендтердің жыл сайынғы дәстүрлі бағалау есебін жариялады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Сарапшылар биылғы рейтингте жаңа қытайлық компаниялардың алғашқы жүздікке енуіне және нарықтағы өзгерістерге қарамастан, автоөнеркәсіп секторында тұрақтылық барын атап өтті.
Әлемдік автокөлік өндірушілері арасында ең қымбат бренд деп Toyota танылды. Компания жалпы тізімде алтыншы орынға ие болып, тек IT-индустрия өкілдеріне жол берді. Сарапшылардың мәліметінше, жапондық брендтің нарықтық құны 2020 жылдан бері тұрақты өсіп келеді: сол жылы 51,6 млрд доллар деп бағаланса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 74,2 млрд долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға артқан.
Ал Mercedes-Benz өз құнының 15%-ын жоғалтып, 50,1 млрд долларға дейін төмендеді және рейтингте 10-орынға түсті. Сондай-ақ BMW де теріс динамика көрсетіп, 10%-ға арзандап, 46,8 млрд доллар болып, 14-орынға жайғасты.
Биылғы топ-25 автокөлік бренді қатарына тек Tesla енді – ол 25-орында тұр. Алайда Илон Масктың компаниясы соңғы бір жылда 35%-ға арзандап, құны 29,5 млрд долларды құрады. Tesla-ның мұндай төмендеуі 2023 жылдан бері байқалып келеді.
Рейтингке сонымен қатар Honda, Hyundai, Audi, Ferrari, Volkswagen, Porsche, Nissan және Kia енді. Ал Range Rover 97-орынды иеленді.
Назар аударарлығы – биылғы рейтингте дәстүрлі америкалық брендтер жоқ, есесіне бірнеше қытайлық компаниялар бар. Xiaomi 81-орында (9,5 млрд доллар), Huawei – 96-орында (7,6 млрд доллар). Ал алғаш рет рейтингке енген BYD компаниясы 90-орында, оның бағаланған құны – 8,1 млрд доллар.

