© Blue Origin

Blue Origin Марсқа аттанатын New Glenn зымыранын ұшыруға дайындықты бастады

09.10.2025 20:43

Blue Origin компаниясының инженерлері New Glenn зымыранының алғашқы сатысын Флорида штатындағы Канаверал мүйісіндегі ғарыштық күштер станциясындағы ұшыру алаңына жеткізді. Бұл ауыр зымыранның екінші ұшырылымына дайындықтың соңғы кезеңінің басталғанын білдіреді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Компания №36 ұшыру кешеніне сатылардың шығарылған сәтін бейнетаспаға түсіріп жариялағанымен, нақты ұшу күнін әзірге хабарламады. Алдағы миссия аясында екі шағын спутник орбитаға шығарылып, олар Марсқа бағыт алады. Бұл екі аппарат ESCAPADE (Escape and Plasma Acceleration and Dynamics Explorers) деп аталады және олар Қызыл планетаның маңындағы Күн желін зерттеуге арналған.

Бейресми деректерге сүйенсек, ұшырылым терезесі 9-11 қараша аралығында жоспарланып отыр. Бұл мерзім барлық алдын ала сынақтар, соның ішінде бірінші сатының оттық сынақтары сәтті өткен жағдайда ғана расталады.

Blue Origin бұл миссиядан үлкен үміт күтеді. Компания зымыранның бірінші сатысын қайта пайдалану мақсатын қойып отыр. Инженерлердің есебі бойынша, алғашқы сатының теңіз платформасына сәтті қону ықтималдығы шамамен 75%.

Айта кетсек, New Glenn биыл қаңтар айында алғаш рет ұшырылып, пайдалы жүктемені орбитаға жеткізгенмен, оның алғашқы сатысын қайтару сәтсіз аяқталған. Компания қозғалтқыш жүйесіндегі ақау болғанын ғана хабарлап, толық мәлімет бермеді.

Салыстырмалы түрде, SpaceX өзінің Falcon 9 зымыранын толық жетілдіру үшін ұзақ жолдан өткен. 2013 жылдың қыркүйегінде ғана алғашқы басқарылатын қону талпынысы жасалып, сәтті қону тек тоғызыншы ұшыру кезінде мүмкін болды. Ал теңіз платформасына қону тек 2016 жылдың сәуірінде, яғни 23-миссия барысында алғаш рет жүзеге асқан.

Blue Origin инженерлері арасында бұрынғы SpaceX мамандары да бар, сол себепті олар әріптестерінің тәжірибесінен көп нәрсе үйренген. Дегенмен жаңа буын зымыранын ұшырып, оның алғашқы сатысын қайтару әлі де аса күрделі әрі тәуекелі жоғары міндет болып қала береді.