Блогерлер мен инфлюенсерлер 18 млрд теңге табысын заңдастырды
Соңғы 1,5 жыл көлемінде блогерлердің салық төлеуіне қатысты тексеріс күшейді. Былтыр уақытында салығын төлемегендердің тізімі шыққан. Арада бір жыл өткенде елдегі блогерлердің 18 миллиард теңгеден астам табысын ресми түрде декларациялағаны белгілі болды.
Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сәйкес, былтыр салық органдары 854 блогер мен инфлюенсерге барлығы 1 586 хабарлама жолдаған. Бұған 2022-2023 жылдары табыстың жалпы сомасы 71,9 миллиард теңгеге төмендетіліп көрсетілуі себеп болған. Яғни блогерлік нарықтағы нақты айналым мен ресми есеп арасындағы айырмашылық ондаған миллиард теңгеге жеткен.
Қазіргі таңда 622 блогер қосымша декларация тапсырып, 18,2 миллиард теңге көлеміндегі табысын заңдастырған. Соның нәтижесінде мемлекет қазынасына 875,5 миллион теңге салық есептелген. Алайда бұл сома анықталған жасырын табыстың толық көлемімен салыстырғанда әлі де аз екені байқалады.
Оқи отырыңыз:
- Қауіпсіз операциялар: төлемдер мен аударымдарды қалай жасау керек
- Қазақстандықтар тағы бір танымал бағытқа визасыз бара алады
- Зейнетақы жинағын медицинаға пайдалану неге шектелді? Сарапшылар не дейді
Бұл жағдай алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. Былтыр ақпан айында қазақстандық блогерлер жаппай салықтық берешек туралы хабарлама алған болатын. Ол кезде Мемлекеттік кірістер комитеті 594 адамның 53,3 миллиард теңге табысын жасырғанын ресми түрде мәлімдеген еді. Сол кезден бастап инфлюенсерлерге қатысты салықтық тәртіп қатаң бақылауға алынды.
Тақырып блогерлер арасында үлкен резонанс тудырды. Танымал блогер Әлішер Елікбаев әлеуметтік желіде кейбір әріптестеріне 300-400 миллион теңге, ал бір блогерге тіпті 1 миллиард теңгеге жуық салық төленбегені жөнінде хабарлама келгенін айтқан. Оның сөзінше, 100 миллион теңге көлемінде табысын жасырған блогерлер де бар. Әлішер Елікбаевтың өзі де салық органдарынан ресми хабарлама алғанын растаған.
Кейін бұл мәселеге сала сарапшысы Дмитрий Казанцев салық органдары инфлюенсерлердің табысын қалай анықтайтынын егжей-тегжейлі түсіндірген. Оның айтуынша, тек жарнама емес, онлайн курстар, ақпараттық өнімдер, ұтыс ойындары мен серіктестік жобалардан түскен барлық кіріс салық салынатын айналым ретінде қарастырылады.
Осылайша, блогерлік қызмет Қазақстанда жай хобби немесе қосымша табыс көзі емес, миллиардтаған теңге айналатын толыққанды нарыққа айналғанын көрсетіп отыр. Ал бұл нарықта енді салықтан жалтару емес, ашық есеп пен заңға сай жұмыс істеу басты талап болмақ.
Бұған дейін азаматтардың шоттарының бұғаттатталуы туралы жазған едік.

