©Pixabay.com

Блогерлер арасында «Оскар» пайда болады

Instagram өз болмысынан қорықпай, креативтіліктің жаңа қырын ашып жүрген авторларға құрмет көрсету мақсатында Rings атты жаңа марапатты іске қосты. Бұл туралы Hollywood Reporter басылымына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.

Дәстүрлі байқаулардан айырмашылығы, Rings сыйлығы белгілі бір контент түріне немесе жазылушылар санына байланысты емес – ол креативтіліктің рухын дәріптеуге арналған.

Әрбір шығармашылық қадам – үлкен не кіші болсын – бір күні ұлы нәтижеге жеткізуі мүмкін, – делінген компанияның мәлімдемесінде.

Жеңімпаздарды анықтау үшін Instagram әлемдік деңгейдегі өнер, сән және мәдениет өкілдерінен құралған халықаралық қазылар алқасын құрды. Сарапшылар өздерінің сүйікті авторларын ұсынып, ішінен үздіктерін іріктеп алды.

Нәтижесінде бұл марапатты әлемнің түкпір-түкпірінен таңдалған 25 автор иеленеді.

Hollywood Reporter

Жеңімпаздарға нақты әрі цифрлық «сақина» табысталады. Олардың дизайнын сән мен мәдениетті ұштастыра білетін әйгілі британ дизайнері Грейс Уэйлс Боннер әзірлеген. Лауреаттар Instagram-да Stories жариялаған кезде, олардың аватаркасында әдеттегі жиек орнына алтын түстес сақина пайда болады. Сонымен қатар жеңімпаздар өздерінің профиль фоны мен «лайк» батырмасының дизайнын даралап өзгерте алады – бұл олардың жеке стилі мен шығармашылық еркіндігін айқындайды.

Rings марапатының іске қосылуы қазіргі таңда өзгеріп жатқан контент жасаушылар экономикасымен тұспа-тұс келді. Көптеген платформалар төлемдерді азайтып, монетизация жүйесін қайта қарап жатқан тұста, Instagram қаржылық сыйақыға емес, бедел мен шығармашылық еңбекті мойындауға басымдық беріп отыр.

Rings марапатының алғашқы иегерлері 2025 жылдың 10 қазанында жарияланады. Instagram өкілдерінің айтуынша, бұл сыйлық жыл сайын берілетін дәстүрлі марапатқа айналмақ.