Жаңалықтар

Бізге дейінгі Астана...

1997 жылдың 10 желтоқсанында Ақмола қаласы Президент жарлығымен  еліміздің астанасы болып бекітілді 
Бізге дейінгі Астана...
11.12.2018 09:51 8924

 

Бұл күнде Астана армандар қаласына айналғаны рас. Астанада кім жоқ дейсіз. Бір кездері құрылыс жұмыстарымен келіп қалып қойғандар, сол құрылысшыларға шай мен самса сатып, күн көру мақсатында келіп, бұл күнде қалаға сіңіп кеткендер қаншама... Иә, әркімнің өз тарихы бар. Астана ешкімді жатсынбайды, жатырқамайды. Барлығын өз құшағына тартуда...

- Бауырым, сендер Астананың гүлденген кезінде келдіңдер ғой. Бақыттысыңдар. Біз келген жылы мына жерлердің барлығы бос жатқан. Бос жатқан дегенімнің өзі бер жағы-ау. Тобықтан келетін батпақ  болатын бұл жердің барлығы. Айналасы 10-15 жылда осындай әдемі ғимараттар салынып, керемет көрікті қалаға айналады дегенге адам сенбейтін. Мен ол кезде ішкі істер саласында қызмет ететінмін. Сенесің бе, батпақты жердің масалары бармақтай болады екен. Мен сол масаға шыдай алмай, бір жарым жылдан соң өзім өскен Алматыға «перевод» жасадым.

Ағамыз не десе де келісуге әзір отырмын. Масалары бүркіттей десе де құптауға бейілмін. Қаланы біле қоймаймын. Осы кісіге мұқтаж боп отырған соң әңгімесін еріксіз тыңдап келемін.

- Қазір балаларымның барлығы осы жақта. Немерелер үшін кезінде қашып кеткен қалама қайтып келдім. Бүгінде Астанаға бауыр басып кеттім. Бірақ, ертерек келгеннің бір жақсы жері баспана алуға ерте қамдандық. Мүмкіндіктер де басқаша болатын, - деген еді Астанаға алғаш келген кезімде мінген таксилерімнің бірінің жүргізушісі Мақсұт деген кісі.

Ақын, Құралай Омардың Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасынан мына бір ойы мен суретін алып, сіздерге ұсынып отырмыз.

- 2004 жыл. Астанаға алғаш келуім. Ол кезде сол жағалау осындай болған. "Осы ма Астана?" деп шошып жүрген кезім. Балшықтан аяқ алып жүру мүмкін емес еді. 14 жылда танымастай боп өзгерді. Әдемі, тап-таза қалаға айналды. Ал, қазір Астананы жақсы көрем. Оның атқан таңы да, батқан күні де, тіпті аязы мен ақ түтек бораны да ұнайды. Басқа жерде өзімді Астанадағыдай жайлы сезінбеймін.

Астана тұрғыны Талғат Төлегенов:

- Біреулер «Астанаға бір чемоданмен ғана келген едік» деп жатады ғой. Мен сізге айтайын. Бір чемоданмен келген адамдарға қызығып қарайтынмын. Мен бұл қалаға бір пакетпен келгенмін. Иә, аудан колледжін бітірген балада одан басқа не болсын. Затым бір пакетке сыйғанымен, арманымыз Есіл өзеніндей алысқа ағып жатқан болатын. Астананың Астана болғанына бар-жоғы 20 жыл. Ал, менің мұнда келгеніме 15-16 жыл болған екен. Бізден  үлкен буын Астананың бүгінгідей келбетке енетінін сенбей жүрген тұста, біз сенетінбіз. Алматы не болмаса басқа қаланы армандамадық. Бүгінде Астана маған қажетімнің бәрін берді. Жаным қалаған жұмысым да осы қалада, өмірлік серігім жанымда, өміріміздің жалғасы балаларымыз қасымызда, бастысы, мемлекет берген жеңілдіктердің арқасында келген өз баспанамыз бар. Армандарыңа адал болсаң Астана сені ешқашан алдамайды!

Журналист, Заңғар Кәрімхан:

Астанаға алғаш келгенім есімде: ай-күні, сағаты мен минутына дейін ұмытпағанмын. 1999 жылдың 12 тамызында таңғы 8-ден аса Павлодар-Астана тасжолымен ырғалып жеткен піл сауытты ауыр автобус қаланың шетіне ілікті. Қазіргі Шанхай, Шарын, Алаш деген жыпырлаған базарлар жоқ, жадағай, тоқал тамдар Кірпішный жақта көп болатын, таң бозында осы бағытпен кіргенде «Астанаң, ләлә, осы ма?» дегенбіз үлкеніміз Құралайға.

Әпкеміз Құралай бізді ауылдан көшіріп әкетіп, бас қалаға жеткізген, сонда жасы 19-да болатын. Қаршадай қыз, құрылыста ауыр жұмыс істейді, тапқанын жинап, әке-шешеміз бен өзінен кейінгі 5 бауырын әкеткен. Ауылымыз Тарбағатайдың бір түкпірінде, облыс орталығы Өскеменге 500 шақырымда жатқан шалғай жер. Алдымен екі жеңіл көлікпен асау Ертістің жағасындағы Өскеменге келіп, үш сағат аялдап, әлгі піл сауытты үлкен автобусқа жайғастық. Семейде бір, Павлодарда екі тоқтап әйтеуір аман-есен Астанаға жеткенбіз. Сонда көрген қаламыздың түрі мынау: «Бұдан гөрі біздің Ақжар қала ғой. Мама, ауылға қайтайықшы!» дедік-ау.

Қазір сол сөзіміз естелікке айналды, ал Астананың өзгергені секілді біз де өзгердік, біздің санамыз өзгерді, есейдік, оқыдық, ер жеттік. Құдайға тәуба деймін.

 

Басты фотоға сілтеме 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға