Жаңалықтар

Бізге жаңа электр қуатын алатын технологиялар керек – Мұрат Әбенов

Бізге жаңа электр қуатын алатын технологиялар керек – Мұрат Әбенов
Фото: t.me/mazhilis_kz 04.09.2024 15:35 733

6 қазанда Қазақстанда АЭС бойынша референдум өтеді. Осыған орай депутат, қазақстандық мемлекеттік және қоғам қайраткері Мұрат Әбенов ойын білдіріп, бастаманы құп көретінін айтып өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігіі.

Мұрат Әбенов осы уақытқа дейін күрделі мәселелердің барлығын мемлекет өзі шешіп келді деп отыр.

Ескі Қазақстан деп айтатынымыз тектен тек емес. «Өзім білемін, өзім жасаймын» деген ұстаным болды. Ешкіммен көп ақылдасқан жоқ. Бүгінде осындай күрделі мәселе халықтың алдына шығарылып отыр. Бір жыл бойы арнайы мамандар халықпен кездесіп, талқылаулар өткізді. Сол себепті көп адамның бұл мәселеге қатысты пікірі қалыптасып үлгерді.  Бұл - демократияның жарқын көрінісі. Бұрын осындай күрделі мәселені халық алдына шығарғаны есімде жоқ. Конституция бойынша референдумға барғанымыз бар. Дегенмен дәл осындай халық ойында жүрген күрделі мәселені референдумға шығарғаны дұрыс болды, - деді депутат.

Ол бізге жаңа технологиялар мен жаңа энергетика керек деп сендірді.  Десе де қауіпсіздігіне басты назар аудару қажеттігін алға тартты.

Парламентке келмей тұрып, бұл саланы көп зерттедім. Біраз мемлекетте болдым. Соңғы рет пандемияға дейін Оңтүстік Корея мемлекетіне барып, 4 атом электр станциясын көрдім. Станцияның қасында адамдар демалып, суға түсіп жүрді. Бір шетінде адамдар балық аулап жатты. Ал енді бірі станция түбінде апельсин, лимондарын сатып отырды. Осындай көріністі көріп, таң қалдым. Біз «атом» десе алыстан қашып жүруге үйреніп қалғанбыз. Азаматтар көп жағдайда неден қауіптенеді? Көбісі жаңа технологияларға қарсы емес. Олар «қауіпсіз бола ма, болмай ма?»,  «қоғамдық бақылау бола ма, болмай ма?» деп уайымдап жатады, - деп түсіндірді ол.

Мұрат Әбенов «көп адамдар сапасыз технологиялар қауіп төндіруі мүмкін деп қауіптенеді» дейді. Бастысы жаңа технологияны қолдау немесе қарсылық танытуды  нақтылап алу қажет.

Бізге жаңа электр қуатын алатын технологиялар керегі сөзсіз. Жақсы өндіріс жасап, экономиканы дамытамыз десек, онсыз болмайды. Қауіпсіздік мәселесі де өте маңызды.  Өз басым, сапалы қауіпсіз технология болса, қос қолдап қолдаймын. Басқа азаматтардың да ойы осындай деген ойдамын, - деп нақтылады депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға