Жаңалықтар

«Біздің туризм тұрпайы». Депутат Үкіметке сауал жолдады

«Біздің туризм тұрпайы». Депутат Үкіметке сауал жолдады
Фото: Мәжіліс 02.05.2024 15:00 881

Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев туризм саласында шешімін таппаған өзекті мәселелерді көтеріп, вице-премьер Роман Склярға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты жолдауында еліміздің туристік әлеуетін пайдалануды және туризмнің серпінді жобалар қатарында болуы тиіс екенін ескерткен еді. Маңызды саладағы жұмыс дұрыс атқарылмай, басқа мемлекеттерден артта қалып кеткені рас. Туризм – әлемдік экономикада қарқынды әрі табысты бизнестің бірі. Тек туризмнің арқасында пайдаға кенелген елдер бар. Ал, Қазақстан туризмі – тұрпайы. Жолдары жұпыны, жарығы мен байланысы, сервистік қызметі жоқ. Соның кесірінен тамаша табиғаттың игілігін көре алмай келеміз, - дейді депутат.

Өзге елдер қос қабатты автобус, комфорт такси, лайнермен круиз жасатып жатқанда, бізде дала тұрмақ, қалалардың өзі жаңа автобустарға жарымай жүргенін атап өтті. Автопарктер де әбден ескірген.  

Жолаушы тасымалдайтын автобустардың (13,2 мың) 66 пайызының тозығы жеткен, қызмет ету мерзімі өткен. Ал пайдалануға жарамсыз санаттағылары – 36 пайыздан асып кеткен. Дамыған елдерде олардың орташа қызмет ету мерзімі – 5-7 жыл.  Ал бізде 20 жылдан асқан автобустар азаймай тұр, - дейді мәжілісмен.

Депутат туризм дамыған Алматы мен Түркістан қалаларында  және облыс орталықтарында жаңа  автобустар тапшы дейді. Жеке көлік емес, көпшілікке арналған  автобус болғандықтан әбден ескіргені тасымал сапасына, қауіпсіздікке тікелей әсер етеді, ал, олардан шығатын газдар ауаға зиян.

Ескірген автобустармен туристерді тасымалдау ұят емес пе?! Жолдарымыздың сиқы сын көтермейді. Ең болмаса автобустар еліміздің  беделіне нұқсан келтірмесе екен. Шеттен келген қонақтарға жоғарғы деңгейде қызмет көрсетіп, барынша қолайлы жағдай жасағанда ғана елдегі туризмнің дамуына жол ашылып, шетелдіктерді тарта аламыз, - дейді депутат.

Президент туризмді жан-жақты дамытуды тапсырса да, ақсап келеді. 

Бізде көлік құрастыру зауыттары болғанымен, олардың жылдық өнім шығару көрсеткіштері өте төмен. 2023 жылы ел аумағындағы 7 зауыт небәрі 3200 мың автобус шығарған, ал жалпы автобус паркіндегі жаңа автобустардың үлесі тек қана 7,4 пайыз. Бұл жақын арада автобус парктерін жаңартып, ішкі сұранысты қанағаттыра алмайды, импортқа тәуелділіктен арылтпайды деген сөз, - дейді Қайрат Балабиев.

Сондай-ақ бұл салаға мемлекет пен кәсіпкерлер тарапынан инвестициялар да жетіспейді. Ал, кәсіпкерлерге автобустарды өз қаражатына сырттан сатып әкелу тиімді емес, өйткені, қайта өңдеу жинағы мен көлікті бастапқы тіркеуден өткізу рәсімі импорттық автобустарды өте қымбатқа түсіреді. Тек автобус емес, жеңіл көліктердің кедендік рәсімдері, түрлі алым- салымдары жалпы көлік бағасын 2-3 есе өсіріп,  көпшіліктің наразылығын тудырып келе жатқаны жасырын емес.

2014 жылы мемлекет автобус паркін жаңартуды бастап, бір жыл мерзімге импорттық автобустарға нөлдік мөлшерлеме енгізді. Кәсіпкерлер жеңілдіктерді пайдалана бастағанда бұл үдеріс тоқтатылды. Бұл мәселе «AMANAT» партиясы араласуымен анықталып, туризмді оңалту мүмкіндіктері бақылауға алынды.

Жоғарыда айтылған маңызды мәселелерді ескере отырып, Қазақстандағы туризмнің дамуына тікелей әсерін тигізетін отандық автобус паркін жаңарту мен ішкі сұранысты қамтамасыз ету мақсатында, Сізден, құрметті Роман Васильевич, басқа мемлекеттерден әкелінетін жаңа автобустарды қайта өңдеу жинағы мен көлікті бастапқы тіркелуден босату туралы шараларды қарастыруларыңызды сұраймын, - дейді депутат.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға