«Бізде банк шоттарына қолжетімділік жоқ»: Қаржы министрлігі ақша аударымдары туралы

 El.kz
Фото: El.kz

Қазақстандықтардың банк шоттарына тікелей қолжетімділік жоқ. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов айтты.

Оның сөзінше, азаматтардың жеке шоттарын мемлекеттік органдар тексермейді, бұл процесс банктер арқылы жүзеге асады. Банктер Салық кодексіне сәйкес тек белгілі бір талаптар орындалған жағдайда ғана тиісті мәліметтерді ұсынады.

«Банктер ақпаратты заң аясында береді. Яғни 100 және одан да көп аударым болғанда немесе күмәнді төлемдер анықталған жағдайда ғана мәлімет жолданады. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ», – деді вице-министр.

Сондай-ақ ол жаңа енгізілген бақылау тетіктерінің нақты әсері кейінірек белгілі болатынын атап өтті. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстарды Мемлекеттік кірістер комитеті жүргізіп жатыр.

Бұған дейін Қаржы министрлігі мобильді аударымдарды бақылау нақты критерийлерге негізделетінін түсіндірген. Атап айтқанда, егер үш ай ішінде бір адамға 100 түрлі тұлғадан ақша түсіп, жалпы сома 1 миллион теңгеден асса, мұндай операциялар назарға алынады.

Мамандардың айтуынша, бұл тәсіл кәсіпкер ретінде тіркелмей табыс тауып жүрген жеке тұлғаларды анықтауға бағытталған. Яғни негізгі мақсат – жасырын бизнесті заңдастыру және салық түсімдерін арттыру.

Оқи отырыңыз