Жаңалықтар

Біз басқа театрларды қайталамауға тырысамыз

Сұхбат
12.08.2016 11:29 10742

 «Өнер қырандары» пародия театры:

            Біз басқа театрларды қайталамауға тырысамыз

Біз басқа театрларды қайталамауға тырысамыз

– Бізді қандай жаңалықтарыңызбен қуантасыздар, «Өнер қырандары»?

Мэлс ЖАҚЫПБЕРДІ:

– Осы жыл біз үшін сәтті басталды. «Хабар» телеарнасындағы «Ду-думан» сайысына қатысып, бас жүлдені жеңіп алдық. Оған көптеген мықты театрлар қатысты, бәсекелестік күшті болды. Біз де білек сыбанып өнер көрсеттік. «Ду-думанға» қатысу арқылы аптасына бір нөмір дайындай алатындай дәрежеге жеттік.

– Жеңістеріңіз құтты болсын! Жеңіп алған көлікті не істедіңіздер?

Мэлс ЖАҚЫПБЕРДІ:

– Рахмет! Ол көлікті сатылымға қойдық. Былтыр «Шаншар» театры темір тұлпар ұтып алған кезде оларға бір көрермен хабарласып, ырымдап сатып алыпты. Біздің көлігімізді де сатып алам дейтін оқырман болса, хабарлассын! (күлді).

Жанболат НАЙЗАБЕКОВ:

– Тағы бір жаңалығымыз бар. Былтыр «Миссия: 75 сағат» деп аталатын бір фильмге түскен едік. Басты рөлде «Меломен» тобының әншісі Жігер Аупбаев ойнайды. Қазір сол фильмнің премьерасын күтіп жүрген жайымыз бар.

 Биыл жеке концерт беру жоспарда бар ма?

Сырымбет БИБОСЫНОВ:

–  Бұйырса, күзге қарай жеке кешімізді берсек деп отырмыз. Көктемде концерт қоюға асықпадық. Себебі, барлық театрлар концертін көктемде беріп жатыр. Екінші себеп, дайындығымыз кішкене шала болды. «Ду-думанның» сахнасында үш концерттің сценарийін қойдық, барлық уақытымызды сол жобаға арнадық. Ендігі концертке жаз бойы дайындаламыз. Құдай қаласа, елге жағымды, бұрын-соңды басқа театрларда болмаған өзгеше дүниелер ұсынсақ деп отырмыз.

 Бұл кештің алдыңғы концерттерден ерекшелігі қандай болмақ?

Сырымбет БИБОСЫНОВ:

– болады! Әдеттегіше жаңа пародияларға басымдық береміз. Бағасын күзде бере жатарсыздар!  

– «Ду-думанның» финалында сіздерді Уәлибек Әбдірайымов «бұлар өздерін бұдан 5 жыл бұрын дәлелдеп қойған» деп мақтады. Ал Алмат Сақатов «Өнер қырандары» – қазіргі әзіл-сықақ театрының үлгісі» деді.  Осындай сөздер сіздерге қаншалықты стимул береді?

Жанболат НАЙЗАБЕКОВ:

– Семіздікті қой ғана көтереді, ол жерде бізді асыра мақтап жіберді. Уәкең «5 жыл бұрын өздерін дәлелдеп қойды» деп «Шаншардың» 15 жылдығында өнер көрсеткенімізді айтып отыр. Біз үлкен сахнаға шыға алмай жүрген кезде пародияларымыздың халыққа танылуына септігін тигізген еді. Біз алғаш «Қоңыр», «МузАрт» топтарына пародия жасап, сахнаға шыққан кезде, өнеріміз шынымен тың жаңалық болды.

Біз басқа театрлардың істегенін қайталамауға тырысамыз. Театрымыздың позициясы бөлектеу, интермедия ойнағанда, арзан әзілге басымдық беруден қашамыз. Халық тамашалап отырғанда бір рет күліп, кейін ұмытып кететін қойылымдар қоймауға тырысамыз. Қойылымдарымыз арқылы көрерменді ойландыра алсақ, ол – біздің жетістігіміз.

Біз басқа театрларды қайталамауға тырысамыз

Мадияр СЕРІКБАЕВ:

– «Өнер қырандары» халыққа пародия театры деп танылғанымен, біз көрерменге рухани азық беретін салмақты қойылымдарды көбірек қоюға тырысып жүрміз. Әр концертте кем дегенде 2 әлеуметтік қойылым қоямыз.

Мэлс ЖАҚЫПБЕРДІ:

– «Ду-думан» жайлы бір нәрсе айта кетейінші.

– Айтыңыз.

– Біз ғаламтордағы өзімізге қатысты бейнематериалдарға жазылған пікірлерді жіті қадағалап отырамыз. Кейбір қолданушылар «Өнер қырандары»  «Ду-думанның» бас жүлдесін сатып алды» деп пікір қалдырыпты. Бұл – өтірік нәрсе. Бағдарламаның әр санын бастан-аяқ қарап шыққан көрермен біздің бұл жеңіске лайықты еңбекпен жеткенімізді түсінеді.

– Бұрынырақта берген бір сұхбаттарыңызда «біз әмбебап, мимикалық театрмыз. Өйткені, бізде әртүрлі театрдың өкілдері жиналған» деген екенсіздер.

Сырымбет БИБОСЫНОВ:

– Біздер – Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектеріміз. Мэлс, Әнуар, Мадияр және Дана «қуыршақ театрының әртісі» мамандығын алып шықты. Жанболат, Құдырет және мен «театр және кино актері» мамандығында білім алдық. Театрда әркімнің өзіне тиесілі міндеттері бар. Мәселен, Әнуар әкімшілік жұмыстармен айналысады, Мэлс сценарий жазады, Жанболат біздің стилімізді қадағалайды. Пародиялардың сөзін Мэлс пен Жанболат жазады, ал Сырымбет әншілердің даусын салады. Мадияр барлығын бастан-аяқ тексереді, ұнатпаса, қайтадан жасаймыз. Концерттің барлығын Мадияр қояды. Құдырет декорацияға жауапты, қуыршақ жасайды, киім тігеді, жасанды музыкалық аспаптарды дайындайды. Дана бізге грим жасайды.

– Байқауымша, киім тігу мен грим жасау барлығыңыздың қолыңыздан келетін сияқты.

Әнуар ШЫМЫРҚҰЛОВ:

– Иә, академияда оқып жүргенде бәрін үйрендік. Жігіттердің барлығы икемді. Біркелкі киімдерді ғана дизайнерлерге тапсырыс беріп тіктіреміз. Ал эффектілері бар,  жарқыраған киімдерді өзіміздің Жанболат тігеді. Гримді бір-бірімізге істей береміз, оны да академияда оқығанбыз.

 Халық арасында «бізді күлдірші, маған пародия жасашы» деп өтініш айтатындар жиі кездесе ме?

Құдырет ТОПАЕВ:

– Иә, әсіресе, базарда, тойларда халық бізге осылай жиі өтініш жасайды. Жол полициясының қызметкерлері де «өнерде жүрген жігітсіңдер ғой, бізді күлдіріп жіберіңдерші» дейді. Оларға қаншама дискімізді сыйға тарттық (күлді). «Ананди мен Жагдишяны қараңдар!» дейтіндер де бар.

– Тойларға барып тұрасыздар ма?

Мэлс ЖАҚЫПБЕРДІ: 

– Біз тойға пародиямен шығамыз. Ара-тұра асабалық қызметті де атқарамыз. Жанболат пен Сырымбет тойды бірігіп басқарады. Әнуар кез келген тойды бастан-аяқ ұйымдастырып береді. Мадияр, Құдырет үшеуміздің де асабалық өнеріміз бар. Уақытымыздың ыңғайы кеп жатса ғана тойға барамыз. Негізгі уақытымызды театрға арнаймыз.

Біз басқа театрларды қайталамауға тырысамыз

 Алғашқы концертті өткізер алдында берген сұхбаттарыңызда «біз театр деген атқа лайықпыз, жоқ па? Оны халық осы кештен кейін айта жатар» деген екенсіздер. Одан бері бірталай уақыт өтті, қазір қандай пікірдесіздер?

Құдырет ТОПАЕВ:

– Құжат жүзінде театр деген атымыз жоқ болғанымен,  халық бізді театр деп қабылдап, мойындап жатқаны мерейімізді өсіреді.

Жанболат НАЙЗАБЕКОВ:

– Жақында өткен «Шаншардың» мерекелік концертінде барлық әзіл-сықақ театрларының суреті үлкен экраннан көрсетілді. «Тамаша», «Бауыржан-шоу», «Күлкі керуені» сияқты театрлармен қатар бізді де көрсеткеніне ішіміз жылып қалды.

– Театрдан бөлек, қосымша жұмыс істеп жүрсіздер ме?

Құдырет ТОПАЕВ:

– Біз тек уақытша жобаларда ғана ойнай аламыз. Негізгі жұмысымыз – осы театрда. 30-40 жылдан кейін «Өнер қырандары» еңселі театр болса екен армандаймыз. Қазір сол үшін тер төгіп жүрміз, театрдың іргетасын қалап жатырмыз. Бұйырса, кейін «Өнер қырандары» брендке айналған кезде, ол ат бізге жұмыс істейтін болады.

 Осы уақытқа дейін қойылған пародияларыңыз туралы айтып беріңіздерші. Неліктен Құдайберген Бекіш ағамызға жиі пародия жасайсыздар?

Мадияр СЕРІКБАЕВ:

– Ең алғаш бір жолдасымыздың тойында Еркін Нұржановқа «Орда», «Азия» топтарына пародия жасап көрген едік. Одан кейін пародиямызды «Шаншар» театрының 15 жылдығында эфирге алып шықтық. Кейіпкерлеріміз өздеріне жасалған пародияны жақсы қабылдады.

Құдайберген Бекіш ағамызды мазақтауды емес, оның қазақ эстрадасында өзіндік орны бар екенін көрсетуді мақсат тұттық. Ағамыздың болмысы бөлек, өзі қалжыңды да жақсы қабылдайды. Біз Атырау жаққа гастрольдік сапармен барғанымызда, бір мұғалім кісі бізден әншілер қауымына «балаларға арналған ән айтсыншы!» деген өтінішін жеткізуімізді өтінді. Содан кейін Құдайберген ағамыздың «Қуырмаш» деген әнін хит қылғымыз келді. Негізі, әрбір әншінің репертуарында ең құрығанда балаларға арналған бір ән болса, артықтық етпейді деп ойлаймын.

Біз пародия жасағанда, адамның кемшіліктерін көрсетуді мақсат етпейміз. «Ялла» тобын сахнаға алып шыққанда, олардың шапандарын бір-біріне байлап қойдық. Сахнада «бізден «Ялла» тобы неге бөлінбейді?» деп жиі сұрайды. Біз бөлінгіміз-ақ келеді, бірақ, бізді ұлттық шапан жібермейді» деген сөзді айттық. Осы пародияны көрген кейбір көрермендер «қазаққа да осындай бір шапан керек-ау!» деп пікір білдіріпті. Демек, көрермендер біздің жеткізбек болған ойымызды түсінді.

– Ел алдында жүрген саясаткерлерге пародия жасауға қалай қарайсыздар?

Мадияр СЕРІКБАЕВ:

– Біз қазірге дейін Кәрім Мәсімовке, Амантай қажыға пародия жасадық. Ел басқарып жүрген азаматтарды халық тым салмақты қабылдайды. Біз оларға пародия жасау арқылы шенін жеңілдетіп алудан қашамыз. Пародиядан кейін халық оларға өзі қатарлы қарапайым кісі секілді қарауы мүмкін. Сондай-ақ, телеарналар тарапынан да шектеу бар. Эстрадаға да, билікке де араласып жүрген әзілқой ағаларымызға пародия жасауға болады.

 Мадияр, сіз «Балапан» және «Қазақстан» арналарынан көрсетіліп жатқан «Баламен бетпе-бет» бағдарламасын жүргіздіңіз. Осы хабардан кейін балалар арасында танымалдылығыңыз артқан болар?

– Иә, қазір қайда барсам да, мені кішкентай бүлдіршіндер танып жатыр. Көпшілігі «Мадияр аға, мені де бағдарламаға қонаққа шақырыңызшы» деп өтінгенде, не дерімді білмей тосылып қаламын. Себебі, оларға бағдарламаның біраз уақыт бұрын түсіріліп қойғанын  түсіндіру қиын.

–  Әңгімелеріңізге рахмет!

Әңгімелескен – Роза ӘРЕН

2015 жыл


Біз басқа театрларды қайталамауға тырысамыз

АНЫҚТАМА

  • Мадияр Серікбаев көбіне кемпір-шалдың рөлін сомдайды. Өзінің көңілінен шыққан образ – Боряның рөлі. «Боряның образын ойластырып отырған кезде жақсылап бір жылап алғанмын. Бір жағынан жеңіл, бір жағынан өте салмақты рөл. Өзі бүтін бір ұлттың проблемасын арқалап жүрген жалғыз адам сияқты. Боряны ойнаған сайын жүрегім ауырады. Образдар айтар ойы көп болған кезде қызықты болады» дейді Мадияр.
  •  Әнуар Шымырқұлов ресейлік рэп-әнші Тиматидің образын сомдау үшін шашын алдырған екен. Қазірге дейін Нұрлан Албан, Илья Ильин, Кенжебек Жанәбілов, Pitbull, Тиматилерге пародия жасаған.
  •  Мэлс Жақыпберді Кәрім Мәсімов, Ескендір Хасанғалиев, Бейсен Құранбек, Мұрат Қожа, Амантай қажы, «Орда» тобындағы Нұрланның образын сахнаға алып шығыпты. Өзі үшін ең қызықты образ – Амантай қажы. «Шынайы өмірде де болмысы қызық кісі ғой. Осы рөлді жанымды салып ойнаймын» дейді Мэлс.
  •  Құдырет Топаев орысшаға шорқақтығының «арқасында» Мәскеуде «Тақиялы періштедегі» Тана апайдың рөлін ойнағанда қатты қиналыпты. Сондай-ақ, оған Заттыбекке пародия жасау да оңайға соқпапты. Құдырет «Қоңыр» тобындағы Мархабат, Сәкен Майғазиев, Заттыбек Көпбосынов, Сейфуллин Жолбарыс, Нұржан Керменбаев, Ербол Шәріпов, «Келін» телехикаясындағы Жагдишя, «Тақиялы періштедегі» Тана апайларға пародия жасаған.
  •  Жанболат Найзабековтің қызықты оқиғасы: бір тойда мен Әлішер Кәрімовке пародия салып тұрғанмын. Масаңдау бір жігіт қасыма келіп, «мынау Әлішер емес» деп басын шайқады. Сонда жиналған жұрт қыран-топан күлкінің астында қалған еді.

Жанболаттың осы күнге дейін сахнаға алып шыққан образдары: Мейрамбек Беспаев, Әлішер Кәрімов, Фарух Закиров, Ренат Баситов, Дима Билан, Григорий Лепс,  «Орда» тобындағы Ерболат, «Қоңыр» тобындағы Жазира,  «Келін» телехикаясындағы Кальяни, Айнұр Ильясова. Өзіне ең жақын образ – «Ду-думанда» аяқ астынан ойластырылған дөрекі жігіттің рөлі.

  •  Сырымбет Бибосынов «Менің атым – Қожадағы» Дәулет, Жанар, Нұрлан Еспанов, Рахман Омар, «Келін» телехикаясындағы Фули, Бүркіт, Ақжол Мейірбеков, Николай Басковтарға пародия жасаған.

«Ақжол Мейірбековті алғаш салып жүрген кезімде сахнаға мұртымды тақпай шығып кетіппін. Халықтың алдында «бүгін мен жастау көріну үшін мұртсыз келдім» деп ақталдым» дейді Сырымбет.

  •  Дана Тұрарбектің жасаған образдары: Жанар Айжанова, Айгүл Бабаева, Айжан Нұрмағамбетова, Баян Есентаева, Жадо, «Келін» телехикаясындағы Ананди, «Тақиялы періштедегі» Тана апай, «Жеңіл буыңызбен!» фильміндегі Надя.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға