Жаңалықтар

Біз Париж келісімін ратификациялаған аймақтағы бірінші елміз - Қасым-Жомарт Тоқаев

Біз Париж келісімін ратификациялаған аймақтағы бірінші елміз - Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: t.me/aqorda_resmi 01.12.2023 19:00 1650

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Климат жөніндегі дүниежүзілік саммитте сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ең алдымен, СОР28 саммитіне төрағалық еткені үшін Жоғары Мәртебелі шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянға зор алғысымды білдіремін. Бүгінде жер шарындағы халықтың тең жартысы климаттың өзгеруі жоғары дәрежеде әсер ететін өңірлерде өмір сүріп жатыр. Шағын аралдардағы мемлекеттерге, теңізге шығатын жолы жоқ дамушы және дамуы кенжелеп қалған елдерге зор қауіп төніп тұр. Қазіргі геосаяси тұрақсыздық және энергетикалық қауіпсіздіктің болмауы да климат мәселесіне назар аударуды қиындатып отыр, - деді Президент.

Президент Қазақстан болашақ ұрпақ үшін қоршаған ортаны сақтауға бағытталған нақты шаралар қабылдау жөніндегі БҰҰ-ның көкейтесті үндеуін толық қолдайтынын атап өтті.

Біз Париж келісімін ратификациялаған аймақтағы бірінші елміз және 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдадық. Қазақстанның жаңа Экология кодексі ұлттық экономикамыздың әрбір секторында «жасыл» технологияларды кеңінен қолдануға ықпал етеді. Елімізде жел мен күн энергиясын пайдалану, сондай-ақ «жасыл» сутегін өндіру үшін зор әлеует бар. Біз осы мүмкіндікті пайдалану мақсатында серіктестерімізбен арадағы тығыз ынтымақтастықты жалғастырамыз. Қазақстан – уран экспорттайтын әлемдегі жетекші мемлекет. Бұл ретте еліміз дүниежүзі бойынша уранның 43 пайыз тасымалын қамтамасыз етеді. Біз жаһандық деңгейде электр энергиясын көміртегі қалдықтарынсыз өндіру ісінде шешуші рөл атқарамыз, - деді мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Дубайда климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясы саммиті өтіп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға