Жаңалықтар

Біз мемлекетпен үкіметтік емес ұйым арасындағы көпірміз – Ғалым Құрман

«Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Ғалым Полатұлымен сұхбат
Біз мемлекетпен үкіметтік емес ұйым арасындағы көпірміз – Ғалым Құрман
Фото: El.kz 20.01.2023 09:00 1870

Бүгінде азаматтық қоғамда Үкіметтік емес ұйымдардың қатары артып келеді. Олардың немен айналысатынына аса мән бермеуіміз мүмкін. Шындығында, қоғамға тигізер пайдасы орасан. Жуырда аталған ұйымға мемлекеттік грант беру бойынша байқау жарияланды. Бұл туралы толығырақ білу үшін «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Ғалым Полатұлын сұхбатқа шақырдық.

– Ғалым Полатұлы ҮЕҰ-ға мемлекеттік грант беру бойынша байқау жариялаған екенсіздер. Қанша грант бөлінді осы жөнінде айта кетсеңіз?

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы ҮЕҰ үшін мемлекеттік гранттар беру бойынша конкурсқа өтінімдерді қабылдаудың басталғаны туралы хабарлады. Биыл ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысына сәйкес, 6 сала бойынша 47 мемлекеттік грант, оның ішінде 22 –қысқа мерзімді, 16 – орта мерзімді және 9 ұзақ мерзімді жоба іске асырылатын болады. Жалпы құны 1 млрд. 292 млн қаржы бөлініп отыр.

Бұл халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау, азаматтық қоғамның дамуына, оның ішінде үкіметтік емес ұйымдар қызметінің тиімділігін арттыруға жәрдемдесу, азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту, жастар саясатын және балалар бастамаларын қолдау, отбасылық-демографиялық және гендерлік мәселелерді шешуге жәрдемдесуге бағытталған. Біз осы 6 сала бойынша 47 грантқа конкурс жарияладық.

–ҮЕҰ-дың негізгі мүддесі қандай? Олардың жұмысына бұл қаншалықты ықпал етеді?

– Біз барлық жұмыс жасап отырған ҮЕҰ-ды бірдей көреміз, бөліп-жармаймыз. Олар елімізде тегін жұмыс жасап жатқан қызметкерлер және әр саланың мамандары. Мен ҮЕҰ-мен оның ішінде, грант алушылар және ала алмай жүргендермен үнемі кездесемін. Сондағы байқағаным, барлығының мүддесі бір. Бар ойы сол саланы ашқасын өзінің пайдасын тигізу.

Біз мемлекетпен Үкіметтік емес ұйым арасындағы көпір болып есептелеміз. Яғни, ҮЕҰ-дың мұң-мұқтажын қандай да бір мәселесін жоғарыға жеткіземіз.

Үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар азаматтық бастамаларды қолдау, азаматтық қоғам институттарының әлеуетін әлеуметтік саланы дамытудың өзекті мәселелерін шешуге тарту мақсатында беріледі. Гранттарды барлық бағыттар бойынша іске асыру орталыққа әлеуметтік қажеттіліктер мен мұқтаждықтардың, сондай-ақ жергілікті бастамашыл топтар мен қоғамдық ұйымдардың мүмкіндіктерінің толық көрінісін байқауға мүмкіндік беретінін атап өту қажет.

Мысалы, «Birgemiz» жалпыұлттық жобасы бойынша шағын гранттар бар. «Birgemiz» желісі бойынша жобалар жоғалған адамдарды іздеу, қарттар мен науқастарға күтім жасау, өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға көмек көрсету, экологиялық бастамалар, білім беру курстары, қаңғыбас жануарларды күтуге бағытталған бастамалар сияқты бағыттарды қамтиды. Сондықтан олардың барлығы қоғам үшін орасан зор маңызға ие. Әрине, мұндай жобаларды іске асыру өңірлерде оң әлеуметтік әсер береді.

Оны алу үшін қандай талап қойылады және қалай алуға болатынын түсіндіре кетсеңіз?

– Осы туралы күні кеше брифинг өткіздік. Одан кейін қалай алуға болатыны жөнінде бейнероликтер дайындалды. Қалай грант алуға болады деген сұрақ бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Барлық ҮЕҰ-ды шақырып өз бақтарын сынауға және атсалысу жөнінде айтып жатырмыз. Кімде қандай жақсы идея болады, сол идеялар әріқарай қаржыландырылады.

Бізде қойылатын талаптардың бәрі заңда айқындалған. Ең бастысы, ҮЕҰ деректер базасында болу қажет.

Айта кетейік, биылғы жылы ҮЕҰ-дан өтінімдерді біз гранттар берудің жаңа ережелеріне сәйкес қабылдаймыз.

Жаңа тетік шеңберінде үкіметтік емес ұйымдардың өздері мәселені шешу жолдарын ұсынатын «төменнен жоғарыға» тәсілі енгізілуде. Мемлекеттік гранттар беруге арналған конкурсқа мәліметтері ҮЕҰ Дерекқорында қамтылған (infonpo.gov.kz) және құжаттарды берудің техникалық талаптарына сәйкес келетін ҮЕҰ-лар қатыса алады.

Яғни, 12 талап бойынша оператор мынадай жағдайларда конкурсқа қатысудан бас тартады және өтініш берушіге тиісті хабарлама жібереді. Өтінім осы қағидалардың талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, өтінім мемлекеттік гранттардың басым бағыттарының бекітілген тізбесіне сәйкес келмегенде, өтініш берушінің жарғылық мақсатының мемлекеттік гранттың басым бағытына сәйкес келмегенде, заңның 6-1-бабының 4-тармағына сәйкес Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорында өтініш беруші туралы мәліметтер болмағанда, егер өтініш беруші тарату процесінде болса, өтініш беруші банкрот деп танылса, оның атқарушылық іс жүргізу бойынша берешегі болса, беруші мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінде тұрса, мүлкіне тыйым салынса, өтініш берушінің экономикалық қызметі тоқтатыла тұрса, егер өтініш берушінің басшылары, құрылтайшылары мемлекеттік органның және (немесе) оператордың уәкілетті адамдарының жұбайы (зайыбы), жақын туыстары, жекжаттары болып табылса, егер өтініш берушінің басшылары, құрылтайшылары террористік әрекетке қатысы бар адамдардың тізіміне, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне енгізілсе, конкурсқа қатысудан бас тартады және өтініш берушіге тиісті хабарлама жібереді.

Біз мемлекетпен үкіметтік емес ұйым арасындағы көпірміз – Ғалым Құрман

Былтырғы жылы грантқа қанша азамат өтінім білдірді және биыл қаншасы қатыспақ?

– 2016 жылдан бері біз 500-ге жуық гранттың операторы болсақ, былтыр 102 жобаның операторы болдық. Оның ішінде 60 грант және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен, 27-сін жергілікті атқарушы органдар және 15 грант қазақстандық компанияның қаржыландыруына ие болды. Өткен жылы 461 ҮЕҰ қатысқан 16 конкурс болды. Біздің барлық жобаларымызды тәуелсіз комиссия анықтаған 82 ұйым жүзеге асырды.

2022 жылы жобалардың жалпы сомасы 2,2 млрд теңгені құрады. Биыл тапсырыс бойынша республикалық бюджет қаражатынан 47 грант іске асырылатын болады. Сондай-ақ биыл біз гранттық жобаларды іске асыруға қаражат бөлетін жергілікті атқарушы органдармен ынтымақтастықты жалғастырамыз.

Былтыр біз грант алушыларды басқа ереже бойынша қабылдадық. Биыл шілде айында Мемлекет басшысы грант алу бойынша заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді тапсырды. Қыркүйек айында ережеге қол қойылып, осыған орай грант алу тәсілдері өзгерді. Бірінші ақпанға дейін қысқа және орта мерзімдегі өтінімдерді және 15 ақпанға дейін ұзақ мерзімдегі өтінімдерді қабылдаймыз.

Сіздер грант алушылардан қандай нәтиже күтесіздер?

– Табысты жоба әрқашан бірнеше факторлардан тұрады. Табысты жобаның негізгі өлшемшарттары жобаның белгіленген мерзімдері, сапасы немесе мазмұны, сондай-ақ жоба бенефициарларының қажеттіліктерін қанағаттандыруды бағалау болып табылады.

Нақты көрсеткіштерге тоқталатын болсақ, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылған жобалардың аясында биыл консультациялар, оқыту түріндегі тегін нақты көмекті 32 мыңнан астам бенефициар алды. Олардың 3 жарым мыңнан астамы ерекше қажеттіліктері бар азаматтар болса, 5 мыңға жуығы әлеуметтік жағынан аз қамтылған санаттағы адамдар.

Сонымен қатар, халықтың әртүрлі топтары арасында ҮЕҰ мен еріктілердің әлеуетін арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қоршаған ортаны қорғау, отбасылық құндылықтар, жастар арасында суицидтің алдын алу сияқты тақырыптарды қамтитын 585 оқыту іс-шаралары өткізілді.

Республика бойынша 68 әлеуметтік қызметтер мен орталықтар құрылды. Олар үкіметтік емес ұйымдарды, еріктілерді, мүмкіндігі шектеулі жандарды, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды қолдау, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарымен, агрессорлармен жұмыс жасау сияқты бағыттарда ұйымдастырылған.

Грант алушылардың жұмысын кімдер бағалайды?

– Бағалайтын бұл – тәуелсіз сарапшылар. Оны мен де, я болмаса министрлік те бағаламайды. Яғни, конкурстың барлық жеңімпаздарын құрамына азаматтық белсенділер, қоғам белсенділері, сарапшылар кіретін тәуелсіз сараптама комиссиясы айқындайды. Грантты беру үшін идеясы толық жеткізілген, өтімді жазып, өз ой-пікірін толық жеткізген болса, оны тәуелсіз сарапшылар әрине, бағалайды. Біздің орталық жұмысының негізгі қағидаттары ашықтық пен айқындылық болып табылатындықтан, комиссияның барлық отырыстары орталықтың Facebook парақшасында тікелей эфирде көрсетілетін болады. Қазіргі таңда депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелерінен құралған жұмыс тобымыз бар. Олар әңгімелесу рәсімдерін өткізу үстінде. Содан кейін ғана тәуелсіз сарапшылардың тізімі бекітілетін болады.

– Орталықтың басты мақсаты?

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының негізгі қызметі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік гранттар берумен байланысты екенін атап өтемін. Орталық 2016 жылдан бастап гранттық қаржыландыру саласындағы ұлттық оператор болып табылады.

АБҚО гранттық жобалары азаматтық қоғамды, жастар-отбасы саясатын дамытуға, сондай-ақ діни қызмет саласын дамытуға бағытталған. Олар білім беру, денсаулық сақтау, балалардың құқықтарын қорғау, қоршаған орта және басқа да салалар сияқты әлеуметтік маңызы бар 16 бағытты қамтиды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асыру, мемлекеттік гранттар беру конкурстық негізде жүзеге асырылады. Барлық 16 бағыт басым бағыттар болып табылады. Себебі ол мемлекеттік саясатының басымдықтары, стратегиялық және бағдарламалық құжаттар, Мемлекет Басшысының жолдаулары, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстары негізінде қалыптастырылады.

Былтыр «Zhas Project» жобасын іске асырған екенсіздер. Бұл жоба бойынша қандай жұмыстар атқарылды? Биыл жоба жалғасын таба ма, жалғасса қанша грант бөлінеді?

Бұл біздің тиімді жобалардың бірі. Жақсы ықпал етеді десем болады. Өткен жылы Zhas Project жобасының шағын гранттар конкурсы Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Маңғыстау және Түркістан облыстарында іске асырылды. Аталған өңірлер жастарының бастамаларын қолдауға Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 252-ден астам шағын грант бөлді. Әр гранттың мөлшері 1 млн теңгені құрайды. Өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында біз қорытынды форумдарына қатыстық. Сонда грант алған жастардың өнімдерін және жұмысын қалай бастағанына көз жеткіздік. Барлығы риза.

«Zhas Project» жас қазақстандықтардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жоба қатысушылары өз аймақтарында үздік әлеуметтік идеяларды жүзеге асыра алады. Осындай қолдаудың арқасында біз жастардың көшбасшылық қасиеттерін дамыта аламыз, оларға әлеуметтік және кәсіби бағдарлау бойынша жаңа білім мен дағдыларды алуға көмектесеміз.

Биыл «Zhas Project» жобасы да іске асырылатын болады. Бұл үшжылдық жоба. Шағын гранттар конкурсына әлеуметтік жобалары бар NEET санатындағы жас қазақстандықтар не жобалары халықтың осал топтарын қолдауға және жергілікті қоғамдастықтардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған жастар қатыса алады. Биыл жобаны іске асыруға 250 шағын грант бөлінеді.

Бұдан басқа 2023 жылы қандай жобалар іске аспақ?

2023 жылы орталық ҮЕҰ өкілдерін еліміздің барлық өңірлерінде (ауылдық және шалғай жерлерден) кең ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы гранттық қаржыландыруға тартуды күшейтуді жоспарлап отыр.

Біз жергілікті атқарушы органдармен және қазақстандық компаниямен ынтымақтастықты жалғастырамыз.

Жуық күндері біз бір үлкен компаниясымен бірлесіп екінші рет өткізетін «Экобатыс 2.0» байқауын жарияладық. «Экобатыс» жобасының сәтті болғаны соншалық, үлкен компания 2023 жылы да батыс өңірдегі қазақстандық ҮЕҰ-ның экологиялық бастамаларын қаржыландыруға шешім қабылдады. Жоба жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру арқылы Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарындағы қоршаған ортаны жақсартуға бағытталған. Аталмыш компания әр облысқа үш гранттан бөледі. Барлығы бір жобаға 7 миллион теңгеден 9 жоба таңдалады.

Гранттық жобаларға, оның ішінде үкіметтік емес сектордың ауылдық өкілдеріне қатысу бойынша біліктілікті арттыру мақсатында ҮЕҰ үшін оқыту іс-шараларын ұйымдастыру көзделеді. Біз ҮЕҰ әлеуетін дамытуды жалғастырамыз. ҮЕҰ мен азаматтық белсенділердің әлеуетін дамыту тек қаржылық қолдаудың көмегін ғана қажет етпейді. Сондықтан біз әдістемелік, аналитикалық, ұйымдастырушылық және консультациялық қолдау көрсетуге ерекше назар аударамыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға