Жаңалықтар

Биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында 217 мектептің құрылысы басталды

Биыл «Жайлы мектеп» жобасы аясында 217 мектептің құрылысы басталды
Фото: gov.kz 29.10.2023 22:03 1305

Олар 2024 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру бойынша «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-да өткен ашық баспасөз брифингінде мәлім етті.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бірінші кезекте қалалар мен келешегі бар елді мекендерде жаңа үлгідегі мектептерді салуға, оқушылар мен педагогтерге жайлы және қауіпсіз орта жасауға, білім беру қызметінің сапасын арттыруға бағытталған. Бұл ретте салынып жатқан мектептер көбінесе отандық өндірістен шыққан сапалы құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталады.

«Құрал-жабдықтармен және жиһаздармен жабдықтау ережелері, сондай-ақ қауіпсіз оқу жүйесін ұйымдастыруға қойылатын біліктілік талаптары министрліктің бұйрықтарында толық көрсетілген. Сауда және интеграция министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі және Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген стандарттар мен ережелер бекітілді. Жоғарыда аталған ережелер мен стандарттар негізінде жобалық қуаттылығына қарай әрбір құрал-жабдық пен жиһаздың техникалық сипаттамалары қамтылған технологиялық жабдықтар мен жиһаздар тізбесі әзірленді», - деді Еділ Оспан.

Еске салайық, ұлттық жоба Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша іске асырылуда. Апатты және үш ауысымдағы мектептердің орнына заманауи үлгідегі мектептер салынады. 2023-2024 жылдары ұлттық жоба аясында 369 жайлы мектеп салу жоспарлануда. Оқу орындарының басым бөлігі Астана мен Алматы қалаларына, сондай-ақ Түркістан, Алматы, Маңғыстау және Қызылорда облыстарына тиесілі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға